"Маған бәрін түсіндірді": Қайрат Нұртас Қазақстанда АЭС салуды қолдайтынын жеткізді

Уақыты: 17.09.2024
Оқылды: 161
Бөлім: САЯСАТ

Танымал әнші Қайрат Нұртас Қазақстанда АЭС салуды қолдайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өнер иесі АЭС салуды қолдау жөніндегі Шымкент қалалық штабында қонақта болған. AMANAT партиясының қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаевпен атом электр станциясының салыну жобасына байланысты әңгімелескен.

“Құрметті, қазақ елі! Мемлекет басшысы еліміздегі Атом электр станциясын салудың қажет екенін айтты. Мен де қолдаймын. Маған бәрін түсіндірді. Өзім де оқып шықтым. Қалай салынатынына дейін айтты. Ал, енді сәттілік болсын! 6 қазан күні болатын референдумда бәріңізді күтеміз. Дауыс беруге шақырамын”, – деді әнші. 

Еске салайық, Қазақстанда АЭС салу туралы сауалнама қорытындысы жарияланған еді. 

Сауалнамаға 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 1000 азамат қатысқан. 

Сауалнамаға қатысушылардың барлығына 3 сұрақ қойылған: 

- Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?

- Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?

- Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?

Сауалнама қорытындысы бойынша, алғашқы сұраққа жауап бергендер арасында "міндетті түрде барамын" (35,6%) және "мүмкіндігінше баруға тырысамын" (20,2%) нұсқаларын таңдаған қатысушылардың жалпы үлесі 55,8% болған. Ал қатысушылардың оннан бір бөлігінен астамы "референдумға қатыспаймын" (12,2%) деп жауап берген.