Елік қыз

Уақыты: 05.06.2017
Оқылды: 2358
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қолымыздағы кітап жазушы Сәуле Әбдіхалыққызының «Елік қыз» атты лирикалық прозасы. Шығармаларында мемуарлық дүниелерді еркін пайдаланатын қаламгердің бұл туындысына мәңгілік тақырыптардың бірі – махаббат арқау болыпты. Қазақ әдебиетінде аталған тақырыптың біршама қаузалғаны белгілі. Ал бұл туындының олардан айырмашылығы не дегенге келетін болсақ, жазушы махаббат атты тылсым күштің тек ер мен әйел арасындағы қатынастардан тұрмайтындығын, оған анықтама беруге болмайтындығын кейіпкерлерінің сезім күйлері арқылы суреттеген. 

Оқиға қалада тұратын, ұлын жалғыз жүріп ержеткізген Ардаққа араға қырық жыл салып жас кезіндегі сүйген жігітінің қоңырау шалуымен басталады да, сол бір есте қалған жастық шаққа лирикалық шегініс жасалады. Қаламгер мұндай шегіністерді кейіпкерлерінің өмірлерін толықтыру мақсатында алғаны белгілі. Оқиға ақ ұлпа қардың төңіректің бәрін ақ көрпеге орауымен басталатындығының өзі-ақ болашақ оқиғаның да осы тақылеттес кіршіксіз екенін аңғартса керек. Бір-бірін құлай сүйген ғашықтар әртүрлі себептермен көз жазып қалғанмен, арада қанша жыл өтсе де бір-бірін ұмыта алмағаны олардың іс-әрекеттерінен байқалады. Бір қарасаң екеуі де отбасылы, балалары ержетіп, немере сүйген,  жастары ұлғайған жандар. Бірақ сол бір жастық шақтағы кіршіксіз сезімдердің араға қырық жыл салса да ешқандай тот баспағаны – махаббат атты тылсым күштің құдіретін ұқтырардай. Шерхан Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейді», Бексұлтан Нұржекенің «Күтумен өткен ғұмыр», Дулат Исабековтың «Жүзжылдық махаббат» тәрізді шығармаларына арқау болған «ескірмейтін махаббатты» жазушы өз кейіпкерлерінің тағдыры арқылы және бір қырынан толықтырған.
Ақша қардың жапалақтап жаууымен басталған оқиға қала тіршілігінен хабар береді. «Ол қайта келіп терезеге үңілді. Ақ қанат көбелек қарлар тылсым аспан төрінен әлі түсіп жатыр екен. Осы көрініс есіне өткен жылдарды салғандай болып жүрек тұсы «шым» ете түсті. Мынау бір сүттей аппақ дала да, анау қалықтап түсіп жатқан аппақ қарлар да, іңірдің тылсым кеші де жанына жақын, көзіне ыстық сияқты. Есіне тарихтың терең қойнауына әлдеқашан-ақ кетіп қалған жастық жылдары түсіп,  бойжеткен шағының ыстық күндері көз алдынан біртіндеп өтіп жатты. Ойына Әлібимен ең алғаш танысқан кеш түсті...» – деп басталған үзіндіден бас кейіпкердің өмірінен алғашқы ақша қардың ерекше орын алатынын аңғаруға болады. Арада қырық жыл өтсе де Ардақтың сол бір күнді ұмыта алмауының өзіндік себептері бар еді. Жалғыздықтан құлазып жүргенде Әлібидің шалған қоңырауы Қасқасуда қалған жастық шағына қайта жан бітірген-ді. Кейіпкер бойындағы сүйініш-күйініш сезімдерін жеткізе суреттеген жазушы Ардақ бойындағы тылсым күштердің сырын ашуға тырысқан.
Оқиғаның қысқаша мазмұны төмендегіше еді. Әліби жасы ұлғайған сақа жігіт болғандықтан оқуға жаңа түскен қызды 4-5 жыл күтудің ретін таппай бір жылдан кейін отбасын құрып үйленеді. Үйлі-баранды болып ауылда біреуден ілгері, біреуден кейін тұрып жатқан жайы бар. Ардақ та қарап қалған жоқ. Алғашында оқуға түскен бойда тұрмысқа шығу ойында болмағанмен өзін сүйген жігіт кездескен соң ол да Асқарға тұрмысқа шығып, бала сүйді. Бірақ оның некесі баянды болмай, сенген жары жарты жолда жалғыз қалдырып, кездейсоқ кездескен сүйіктісімен кете бар-ды. Міне, осындай тағдыр соқпақтары олардың өмір жолдарын екіге айырып еді. 
Шығармаға екі жастың арасындағы махаббат арқау болған. «Ардақ он екіде бір гүлі ашылмаған қырдың қызғалдағы болса, Әліби тісқаққан, жігіт ағасы болатын. Бірақ ол озбырлық жасап Ардаққа оғаш қылық көрсетпеді. Қашанда Ардақты «Ардағым» деп құшып, «Елігім-еркем» деп еркелететін. Әлібиге деген балаң сезім Ардақты орға да түсірмеді, жарға да итермеді. Олардың бір-біріне деген сенімдері мен шынайы сезімдері жеті қараңғы түндерден де аман алып өтіп жүрді. Алдына оқысам деген мақсат қойған Ардақты ауылға алып қалып сиырдың бауырына отырғызуға дәті жетпеген Әліби де өзінің шынайы сезімі мен ыстық ықыласын биік парасатқа ауыстырып, Ардаққа ақ жол тілеп еді» деген үзіндіден оқығанымыздай олардың арасын алшақтатқан да бір-біріне деген шынайы сезімдері. Осы арқылы автор шын сүйген жандардың сүйгенінің бақытты болуын тілейтіндігін түсіндірген. Әлібидің қылығы адамгершілікті, парасатты бәрінен жоғары қойғанмен, жүрекке әмір жүрмейтіндігін растайды. Ол қырық жыл бойы өзін жұбатып алдарқатқанмен, Ардақтың өз өмірінен үлкен орын алатынын мойындайды. 
Кеңестік дәуір тұсында не қалада, не ауылда жұмыссыздық деген мүлде болмайтын. Мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай тауы шағылған жастардың барлығы дерлік комсомол жастар бригадасында жұмыс істеп, сол елді мекеннің шаруашылығына көмек қолын созатын. «Жас келсе іске» дегендей, біздің кейіпкерлеріміз жалындаған жастық шақтарын комсомол жастар бригадасында өткізген буын өкілдері. Мал шаруашылығымен айналысатын совхоздарда ұлдар жағы малшыларға көмектесіп мал бақса, қыздарымыздың дені сауыншы болып, Отан қоймасына жоспардан асыра сүт пен май тапсырғаны тарихтан белгілі. Ардақ пен Әліби төңірегіндегі жастар сол тұстағы өз замандастарының жиынтық бейнесі екенін осындай бір дәуірге ортақ өмір тіршілігі растайды. 
«Ардақтар көбінесе мал қорада жүретіндіктен болар, онымен жиі-жиі кездесіп қалатын. Кейінгі кезде Ардақ онымен әр жүздескен сайын ыңғайсыз күйге түсетін болды. Өйткені ол амандасып өте шықса да ту сыртынан оның тесілген көз жанарын сезетін еді. Өзінен 4-5 жас үлкендігі бар оны Ардақ «аға», «Сіз» деп сөйлейтін. Осылайша алақандай ауылда күніне неше рет кездесіп, неше рет сөйлессе де оның тесіле қарауынан ыңғайсызданып, көрсе бітті берекесі қашатын күйге түсетін халде болып жүрді», не болмаса «Өзі сезіп тұрғандықтан болар, оның қолының ыстығы алақанын күйдіріп бара жатты» деген үзінділерден кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалысты аңғару оңай. Жазушының кейіпкерлер бойындағы әр алуан сезім күйлерін нанымды бейнелеуінен оның психологизмді еркін игергенін байқауға негіз бар. Мәселен, Ардақтың жан дүниесіндегі арпалысты «Жүрегі дүрсілдеп ала жөнелгендей. Екі беті дуылдап барады. Бірақ «ду» ете түскен оның бетін қараңғы түнде ешкім де байқамап еді» немесе «Жаңағы тулағаны бер жағы екен, енді жүрегі тарсылдай соғып аузына тығылды. Жұтқыншағына бір нәрсе тұрып қалғандай ма, тынысы тарылғандай ма, әйтеуір өзгеше бір күйге түсті», не болмаса «Көңілінің көк теңізі астаң-кестең болып тынымсыз тыпыршуда. Бірқалыпты жүрген жан дүниесі тербетіліп, ішкі жағында бейнебір дауыл соғып жатқандай күйге түсті. Теңіз үстінде қалған жалғыз қайықтай қалтылдап тұрғаны», әйтпесе «Көше бойында тұрған Ардақтың кеудесі астаң-кестең болып әлемтапырақ күйге түсті. Бойын болмашы діріл билеп алған» деген тәрізді үзінділерден көруге болады. 
Жас кезінде «Егер елік болып киінсем Әліби таныр ма екен? Ақыр мені елікке балап жүр ғой» деген оймен ауылда өткен жаңа жыл кешінде бірінші жүлдені жеңіп алатын теңбіл еліктің, жасы ұлғайғанда «Ақша қар болып құшамын» деп Ақшақардың киімімен Әлібиді ғана емес, күллі елге жұмбақ болған Елік қыздың қылықтары да қызғылықты, әрі нанымды. Ол кезде ауыл-ауылдың бәрі жаңа жыл кешін ерекше құлшыныспен қарсы алып, балмаскарадқа неше түрлі бетперделерді киіп барып өздерін танытпауға тырысатыны, ауыл клубтарынан үндінің махаббат жайлы кинолары үзілмейтіні – бәрі де кеңестік дәуір өмірінен алынған шындық. 
Жазушының басқа шығармаларына арқау болған туған жерге, елге деген зор сүйіспеншілік бұл туындыдан да кеңінен орын алған. Сондықтан да негізгі оқиғаның барлығы дерлік ауылда өтеді. «Арғы беттегі көлденең жатқан Аршалы тауының етегіндегі Аршалы, кіші Қасқасу, Долана, Көкжуа, Дөңгелексаз ауылдары бейбіт өмірдің құшағында бұйығып қалыпты. Астаудың дәл ортасында күншығыс иығына шағын Мыңбай ауылын қондырған Келес орналасқан. Қазір аудан орталығы. Сол себептен ауылдың аумағы да үлкен. Одан әрі қақ маңдайда алыстан ақ сәлдеге оранған Тәңіртауы созыла жамбастап жатыр. Етегі ну ағашқа оранған, мөлдір сулары төмен қарай жөңкіле аққан атақты үш Қасқасу таулары. Құр Қасқасу, жел Қасқасу, Қасқасу. Кезінде ақтылы қой, табын-табын жылқы мен сиырға толған, атағы айшылық жерлерге жеткен Қасқасу жәрмеңкесі өткен жерде, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің өшпес, өлмес белгісіндей болған Шабуылтөбе ескерткіші орналасқан маңға кейін келе Шабуылтөбе атты шағын сүт комплексін ашқан. Сол Шабуылтөбенің үйлері де алыстан ағарып көрінеді. Оның бергі жағында Ардақтың балалық шағының, бойжеткен күндерінің куәсі болған, көз алдынан да, көңілінен де кетпес бір мекен – Қасқасу жатыр» деген үзіндіден көргеніміздей автор жер аттарын жалаң атамай, олар туралы толыққанды мәлімет беруге тырысады. Тарихи-танымдық мақсатта алынған туған жер табиғаты мен сол ауыл тұрғындарының қырық жыл бұрынғы жағдайы кейіпкер көзімен әдемі салыстырылған. Әсіресе Ардақ өмірінен ерекше орын алатын Таңбалытасты ұмыту мүмкін емес. Жырақта жүрген жандардың туған жердің әрбір тасын баға жетпес қымбат жауһарға бағалайтындығын осындай көркем детальдар растайды. Сондықтан да негізгі оқиға кейіпкерлердің жастық шағы өткен Қасқасу, Ақбиік, Ирексу, Тарсу, Тасқала, Ешкілі, Келес, Аршалы, Дөңгелексаз, Талтоғай, Аймақ су электр стансысы төңірегінде өтеді. 
Шығармада пейзаждың да алар орны үлкен. Мәселен жер-дүниені ақ көрпеге ораған ұлпа қар кейіпкердің жан дүниесін айшықтай түссе, «Даладағы жаңбыр толастар емес. Екілене соққан қатты желге қосылып алып жаңбыр суы шелекпен төккендей әуеден жерге төгілуде» деген жолдар қырық жылдан кейін кездескен ғашықтардың жан дүниесіндегі арпалыстарын  толықтырып тұр. 
Қаламгердің стильдік ерекшелігін айқындай түсетін бір әдіс – белгілі ақындардың өлеңдерін негізгі оқиғаға сай тиімді пайдалану. 
Оны:
Демімдесің күрсінсем, қай 
жерлерде жүрсің сен? 
Билеп алған еркімді, жарқыным-
ау, кімсің сен? 
немесе:
Аққудаймын сыңар қанат, мазам         кетті мұң арқалап, 
Сақ-сақ күліп асқақ үнмен, өткен 
күндер тұрар қарап,
Бір күлдірген, бір жылатқан,
өмір-өзен  жылжып аққан. 
болмаса:
Көк теңіздей арнасы тасып- 
толған,
Желкен керіп жетуге асықты
арман.
Көк белдерде көктемді ертіп
алып,
Жақсы екен ғой шынымен ғашық 
болған, –
тәрізді ән-өлеңдерден келтірілген мысалдардан көруге болады. Шығарманың өн бойынан осындай мысалдарды көптеп келтіруге негіз бар. Өлең жолдарының кейіпкер жанын толықтыра түстетінін еске алатын болсақ, бұл үзінділердің атқарар өз жүгі бар.
Қазіргі қазақ прозасындағы лирикалық прозалардың қатарын толықтыратын новелланың өзіндік айтары бар. Біріншіден, бас кейіпкерлердің болмыс-бітімі, арман-мақсаттары, істеген іс-әрекеттері арқылы олардың бойынан ұлттық ерекшеліктерді аңғару оңай. Бір-бірін қанша сүйсе де «ұят болады», «ел көріп қояды» деген тәрізді себептермен «жарығы өшпеген үйлердің тұсына келгенде біреу көріп қоятындай болып қаймыжықтап» қатар жүруге ұялатын Ардақ бойындағы ұяңдық – қазақ қыздарының ибалылығын танытатын штрихтар. Ата-анасының тәрбиесімен берілген осы өнеге араға қырық жыл салғанда да өзгермеуі қуантады. Жазушы Әліби мен Ардақ арасындағы кіршіксіз махаббатың кір шалмауын олардың ар алдындағы адалдығымен нанымды суреттеген. Кейіпкерлер арасындағы махаббат нәпсінің құлы болмай, адалдық пен тазалықты, сезім мен сенімді жоғары қойғандықтан жыл өткен сайын шыңдала түскендігін оқиғалар легі растайды. 

ХХІ ғасырдағы ұлттық әдебиетке өз үлесін қосып жүрген қаламгердің бірі – Сәуле Әбдіхалыққызы. Жазушының соңғы жылдары жарық көрген шығармаларымен көпшілік оқырман жақсы таныс.

Шерхан Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейді», Бексұлтан Нұржекенің «Күтумен өткен ғұмыр», Дулат Исабековтың «Жүзжылдық махаббат» тәрізді шығармаларына арқау болған «ескірмейтін махаббатты» жазушы өз кейіпкерлерінің тағдыры арқылы және бір қырынан толықтырған. 

Қорыта айтқанда, Сәуле Әбдіхалыққызының махаббат атты мәңгілік тақырыпты бір қырынан толықтыратын туындысы – лирикалық прозалардың қатарына қосылған новелла. «Тазалық пен адалдықтан нәр алған бұл кездесудің екеуі үшін талай күндерге азық болатыны сөзсіз еді...» деп аяқталатын шығарманың да негізгі идеясы осы жолдарға сыйып тұр. Осы шығарма арқылы автордың айтпағы – мөлдір махаббаттың кіршіксіз тазалығы еді. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамнан алынған кейіпкерлер өмірі шынайылығымен, табиғи болмысымен баурайды.
Гүлжаһан ОРДА,
М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы.