ЖАЙЛЫ МЕКТЕП САЛЫНУДА

Уақыты: 15.09.2024
Оқылды: 179
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Облыста жалпы білім беретін жеті мектеп салу жоспарланған. Соның бірі Алакөл ауданының Достық кентінде.


Нысан «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру аясында қолға алынуда. Осы ретте «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері алаңда жүріп жатқан құрылыс барысымен танысты. Мердігер ұйым – «VentKarkaraServis» ЖШС. Аталған кәсіпорын директорының орынбасары Нұрлан Нұрахмановтың айтуынша, жаңа мектептің құрылысы биылғы сәуір айында басталып, 600 оқушыға есептелген. 

Бүгінгі таңда құрылыстың монолитті жұмыстары 85 пай- ызға аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Мердігер ұйым өкілінің сөзінше, құрылыс материалдарын таңдау кезінде жергілікті өндірушілердің тауарларына артықшылық беріледі, ал кірпіш, арматура сияқты құрылыс бұйымдарына Алматыдан тапсырыс беруге тура келеді.   

Достық кентіндегі мектеп құрылысына 80 адам жұмылдырылған. Нұрлан Нұрахманов мектеп белгіленген мерзімге дейін ел игілігіне беруге толық дайын болатынына сенімді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан нысандардың құрылыс барысына мемлекеттік бақылау жүргізілуде. Атап айтқанда, Достық кентінде мектеп салуға аудандық мәслихат депутаты Жайлаубай Нұрмұхамбетов тарапынан ерекше назар аударылып отыр. 

Заң шығарушы орган өкілі салынып жатқан нысандарға үнемі баратынын және мердігер жұмысына көңіл толатынын атап өтті. Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев елімізде алғаш рет іске асырылған ұлттық жоба отандық компаниялар мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың үлкен тетігіне айналатынын сөз етті. Сондай-ақ, ол республикалық жоба аясында салынған мектептер балалар мен жасөспірімдер үшін өте ыңғайлы болатынына және оқушылар сабаққа ерекше көңіл-күймен баратынына үміт артты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА