ШОҚТЫҒЫ БИІК ӨНЕРПАЗ

Уақыты: 15.09.2024
Оқылды: 143
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өнерді сезіну, сезіне отырып түсіну, түсіне отырып сүю оңай емес. Шынында туған жерге деген махаббатын өнер арқылы жеткізу ол екінің бірінің қолынан келмейді. Еліне деген махаббатын әнмен жеткізген тұлғалардың бірі де бірегейі, композитор Мұқан Төлебаевтың кіндік қаны тамған жердің тумасы, Жетісудың маңдайына біткен өнер иесі Ғалым Сүлейменов.


Жетісу жұртшылығы бүгінде өмірден өтіп кеткен өнерпаз жерлестерін орынды мақтаныш тұтады. Дара дарын иесі ауасын жұтып, қара топырағын басқан аймақтағы әрбір жан оны ой мен бой     түзеуге лайық ардақты азамат санайды. 

Әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Көпесбайұлы Ақсу ауданы, Мұқан Төлебаев ауылында дүниеге келген дарынды азамат.

Лепсі ауылында өнерді бағалай білетін жергілікті тұрғындар мен Мұқан Төлебаев атындағы музей қызметкерлері әншінің туған күніне орай арнайы еске алу кешін ұйымдастырды. Аталмыш шараға құрметті қонақтар, әншінің жары Бақыт Сүлейменова, мектеп оқушылары қатысты. 

Өмірінің 38 жылын өнерге, соның ішінде музыкалық білім беруге арнады. 100-ден аса шәкірт тәрбиелеген. Солардың бірі Азамат Жылтыркөзов. Болар бала жасынан дегендей, мектепте оқып жүргеннен-ақ  Ғалым ағасынан үйренерін үйреніп, қазіргі таңда Астанадағы Қазақ өнер университетінің директоры қызметін атқаруда. Одан бөлек, біршама шәкірттері сахна саңлақтарына айналып, өнердің биік шыңын бағындырған.

– «Өнер маған Төлебаев туған топырақпен дарыған» деп бойындағы өнердің қайдан дарығанын үнемі айтып отыратын еді. Оның туған жерге деген махаббатын репертуарындағы «Ақсуым», «Матайым», «Лепсім», «Балқашым», «Жетісуым» атты әндерінен-ақ байқауға болады. Ол әркез Үлгі ауылында туғанын мақтанышпен айтып отыратын, – дейді әншінің сүйген жары Бақыт Әбжәлелқызы. Оның әндері ғажайып саздылығымен, туған жерге, елге деген айрықша сүйіспеншілігімен ерекшеленеді. 

Жиында Ғалымдай әншінің Құдай қосқан жары Бақыт Әбжәлелқызы сөз сөйлеп, ескірмейтін естеліктерді еске алды. Жиналған жандардың барлығы айтылған әңгімелерден әсер алып, шын тебіренді. Ғалымын ардақ тұтып, ескірмес естеліктерін жиі айтатын көзкөргендері мен жерлестерінің ыстық ықыласы одан да ерекше болды. 

Айғаным АЙТМҰХАН