ӨНЕРГЕ ҚҰШТАР ЖАНДАР

Уақыты: 15.09.2024
Оқылды: 147
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өнерді өшіретін іштарлық болса, өсіретін құштарлық екені ақиқат. Өмірге де, өнерге де құштар жандардың өлеңге деген сүйіспеншілігін көріп, сүйініп қайттық күні кеше. Құдай берген қарым-қабілеттерін қайдағы жоқ дүниеге арнамай, руханияттың өркендеуіне барын салып жүрген жарандардың жақсылығы жан жадыратады. «Қазақ поэзиясының Құлагері» атты республикалық байқауды тамашалай алмағандар арманда қалғанын айтқымыз келеді.


Вокал жанрында ән шыр- қаған зағип өнерпаздар көрермендердің көңілінен ойып орын алғанын бажайладық. Жетісу көгін республиканың 13 аймағынан келген таланттар әуезді әнге, сағынышты сазға бөледі. Жетісулық композиторлардың туындыларын тыңдармандарға тамаша орындауларымен тарту етті. 
– Бұл байқаудың жоғары деңгейде өтіп жатқанына көрермендер де, әділқазылар да барлығы куә. Вокал жанры оңай жанр еместігі әуелден белгілі. Десек те сайысқа қатысушы өнерпаздар өте жақсы нәтиже көрсетуде. Оларды бағалау оңай соқпасы анық біз үшін. Шын жүйрікке тұсау жоқ, сондықтан кім мықтысын әділ түрде анықтаймыз, – деді сайыс барысында Қ. Байсейітов атындағы өнер бөлімінің ұстазы Данель Мырзабеков.

Өнер бәсекесінде Ілияс Жансүгіровтің ел есінде жүргенімен көп оқыла бермейтін «Соқыр баланың арманы», «Шым шытырық», «Арыным», «Қазақ қызы» туындылары жатқа оқылды. Жұртшылық көркемсөз оқушыларға қошемет көрсетіп, оларды зейін қоя тыңдады. Тебіреніске толы сәтті қалт жіберуді қаламаған көрермендер ұялы байланысына таспалап та алды.

– Сайысқа қатысушылардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Қатысушы болсам да әрбір көркемсөз оқыған адамды тыңдап отырдым. Сөйлеу ырғағы, мәнерлеп оқуы ұнаған бірнеше ұл мен қыз болды. Аттарын есімде сақтай алмадым. Бірақ, айтарға сөзім жоқ, өте керемет. Жарысқа жетекшілерімнің көмегімен қаншама ай дайындалдым?! Ол өз жемісін берді де мүдірмей оқып шықтым. Ұйымдастырушыларға деген алғысымыз айрықша, – дейді қостанайлық Ақбике Дабылова.

Байқау қорытындысына сәйкес «Көркемсөз» бағыты бойынша ІІІ орын Шүкур Эрматовқа,ІІ орын Арай Ерланға бұйырды. Ал, І орынды Камха Нұрымбетова иеленді. Бас жүлдені Жасұлан Тұрашев қанжығасына байлады.

«Вокал жанрымен» ІІІ орынды Аруна Балабекова, ІІ орынды Әкімжан Өміртай еншіледі. І орын Шынар Ниетқалиеваға тиесілі болса, бас жүлдені Диана Сарманова иемденді. 

«Арнау» бағыты бойынша ІІІ орыннан Асылбек Қуанышқалиев, ІІ орыннан Айдана Әлиева көрінді. І орынды Аманжол Мұқанбетқазиев жеңіп алды. Айзат Төлеуханова бас жүлде иегері атанды.

Медет ЖҰМАБАЙ