КЛАССИК

Уақыты: 16.09.2024
Оқылды: 160
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бірегей болмыс, қарымды қаламгерлер арасында өзінің қарапайымдылығымен жанға жылы ұшырайтын Бердібек Соқпақбаев соқпағы анағұрлым жақын, анағұрлым айқын. Несімен? Қарапайымдылығымен, шынайылығымен, ақиқаттың ақ уызын іркілдетіп әкеліп алдыңа қотара салатын шеберлігімен жақын. Мың суреттемеге, жүз сипаттамаға иек артып, сөз бұйралап, сөйлем күрделендіріп, тілдің тұшымдылығын (тіл байлығын) тіркеспен тиянақтайтын емес, «Қарапайым қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіңе қайтарамын» (Мұқағали Мақатаев) ұстанымына сай нақтылық, дәлдікпен – айқын.


«Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен Мұрат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңызшы... Майқанова апай айтқандай, бұлар жоғары идеялы есімдер. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды-ақ. Сен қызылшақа болып жөргекте жатқанда сондағы ақымақтығыңды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген», – деп Қожаберген есімінің соңы түсіп қалып, ақыры «Қожа» атауы қалғанын, мұның өз басына өмірлік өкініштей көрінген дүние екенін жыр қылып айтатын Қожаның (кейіпкердің) жан сырын Бердібек Соқпақбаев қалай мөлдіретіп жазса, біздің көкіректегі балаң наразылық та бір кездері осындай монолог туындатқанын мойындаймыз.

Әдебиет өмірдің айнасы, тарихтың көркем түрі, құндылықтың мөрленген нұсқасы. Өз дәуірінде «Он бес жасар капитан» романын жазған, күллі әлемге кесек-кесек туындыларымен танылған Жюль Верн: «Біз сонау Гомер заманындағы боямалардан бас тартуымыз керек» деп дабыл қақса, классик ақын Сергей Есенин: «Әр сөзіміз орыс ұлтының айнымас нақылына айналуы тиіс» деп ұран тастайды. Екеуі де өз ұлтының қаламгерлеріне, болашақ ақын-жазушыларына қарата айтып отыр. Ал біздің қазақ зиялылары, соның ішінде Бердібек Соқпақбаев сынды сом тұлғалар не айтты, не үйретті, нені мұра етті? Ұлт мақтаныштарының әр сөзін теріп жазатын болсақ, талай көшке ой қыдыртып, талай керуенге сана жетелетеріміз хақ. Бердібектер ұлт руханиятының бірегей кейіпкерлерін қалыптастырды, жан сырын күллі адамға ортақ етті, кейіпкерінің мұңын, қуанышын, ішкі диалогын, монологын әр жүректің таспасындай етіп қалдырды. Мәселен, «Менің атым Қожа» шығармасындағы Қожаның жай-күйі, жан сыры дәл өз басымнан өткергенім рас. Бір кездері көкжәшік арқылы жүрген «Асыл жанды Анна» телесериалын тамашалап алған ауыл адамдары көшеде өзімен-өзі кетіп бара жатқан бізге қарап: «Асыл жанды Анна, қалайсың?» дейтін. Бала болған соң әлгі әзілді ауыр алып, мазақтауына шыдамай жыламсырап қалатынбыз. Намыстанатынбыз. Кейіннен Рахат Тұрлыхановтың (эстрада жұлдызы) «Асыл әжем» әні  кеңінен тарады. Бұл кезде Анналықтан абыроймен өтіп, Асыл әже атандық. «Басқа есім құрығандай, Асыл деп қойғаны несі?» деп үйдегі үлкендерге өкпе арттық. Сол арқылы:  «Атымды атай бастасам болды, тілім таңдайыма жабысып қалады» – деген Қожамен рухани тағдырлас болдық. Жазушы шеберлігінің арқасында шығармадағы яки өмір картинасындағы өзімді айнымай тауып отырдым. 

«Қожа бейнесі  – қазақ балалар әдебиетіне қосылған қомақты олжа. Оның еңсесі барған сайын биіктеп,  Марк Твеннің Том Сойерімен, Аркадий Гайдардың Тимурымен, қазақ фольклорының Тазша баласымен тайталаспай-ақ, тіпті соларға жетеқабыл жүргенінің өзі әдебиетіміз үшін аз бедел ме?!».
 Тахауи АХТАНОВ

«Жазады – түбін түсіріп барып бір-ақ тоқтайды. Бұл – Бердібектің шырайы,  Бердібекке ғана тән нәрсе».
Сайын МҰРАТБЕКОВ

«Саясаттан сая іздемей,  ресми идеологияны ықтамай өткен Бердібек шығармаларында өз тенденциясын берік ұстанып, сонысынан айнымай, ақиқатшылдықты темірқазық тұтты. Өзі қалтқысыз  білетін өмірді ғана қалтқысыз жазып кетті».
Қастек БАЯНБАЙ

«Бердібек Соқпақбаев –сөзіне берік, ісіне ұқыпты жан. Мен білетін жазушылардың ішіндегі  қарапайым, шаруақоры. Өзіне де, өзгеге де қатал, тура, әділ. Тіл өнерінде де солай: әр сөздің, әр сөйлемнің өз орнында тұрғанын қалайды. Бердібек Соқпақбаевтың кітаптарының соңғы бетін жапқанда өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес».
 Мұзафар ӘЛІМБАЕВ

«Бердібек аға әрі айрықша адам, әрі айрықша жазушы болды. Бұл кісі –үлкен қара сөздің де, балалар әдебиетінің де классигі. Өзінің момындығын, мейірбандығын, кішіпейілдігін сақтап өткен қаламгер не жазса да тұшымды, нанымды қылып өрнектеді. Өмір шындығын, көрген-білгенін жазды. Сонысымен үлкен жазушы деңгейіне көтерілді».
    Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ

«Соқпақбаев стилі өте-мөте түсініктілігімен, солай бола тұра жұмбақтары жасырынып жататын қат-қат қатпарларымен қымбатты. Бір қарағанда,  қолына қалам ұстаған кез  келген «нанталап» жаза салатындай секілденер. Оп-оңай, жеп-жеңіл өрілгендей көрінер. Солай сезілер. Олай ойласаңыз,  оңбай қателесесіз. Ондай қарапайымдылыққа, Бейімбет бастаған, Бердібек биіктете білген қазақы құнарлы қазақы қарапайымдылыққа екінің бірі  емес,  мыңның да емес,  миллионның бірі  оңайлықпен қол арта алмас».
Мархабат БАЙҒҰТ

***

Рас, бұл мысал «өмір картинасындағы өзім» деген сөйлемнен бір тақырып шығаруға сұранып-ақ тұр. Бұл сезімді біз тек Бердібек Соқпақбаев шығармасын оқығанда ғана кеудеге қонақтаттық па? Жоқ, әрине. «Бердібектің шығармаларын оқып отырып балалықты айқын сезіндім, үрпек бас шақтағы шалалық, ішкі тебіреністі сезіндім», – десем ақиқат, ал: «Тек Бердібектің шығармаларын оқып...» деп бастасам жалған айтқаным болар еді. Өйткені Бердібектен бөлек, Чарльз Диккенс, Жюль Верн, Жоржи Амаду, Марк Твен секілді әлем алыптары, Сайын Мұратбеков, Марат Қабанбай қатарлы қазақ тудырған біртарау тұлғаның шығармаларынан өз портретіңді анық танисың, балалығың еске түседі. Өйткені бәрі де классик, әдебиет алыптары.

Ақиқатын айтқанда, қарт тауларының еңсесі аспанмен астасып, шыңдары бұлттың бауырына сұғынған қасиетті Хан Тәңірінің етегіндегі Райымбек ауданына қарасты Қостөбе ауылында өмірге келген Бердібек Соқпақбаев исі қазаққа танымал жазушы. Қасиетті қаламынан туған әрбір шығарма ұлт әдебиетінің өрісін кеңейткен ұлы дария іспетті құнарлы топырақтың қағырын түрлентіп, тақырын гүлдендірді. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» шығармалары жазушының мәңгілік бейнесін асқақтатып, есімін алты Алашына әйгіледі. Қазақ классигін әлемнің алыптарымен қатар айтуға жетеледі.

Бердібек Соқпақбаев шығармаларын балғын шақтан оқып өстік. Өзге шығармаларын айтпағанда, бір ғана «Өлгендер қайтып келмейді» романын бірнеше қайтара талғажау еттік. Бұл романдағы кейіпкер – Еркін Мамырбаевтың тағдыры жүрекке соншалықты қатты батты ма, әлде өмір сойылын көп жесе де саф болмысын жоғалтпаған қайраткерлігі өзіне іңкәр етті ме, ұлы жазушының ғасырлық тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланады дегеннен бастап дәл осы романды қайталап оқыдық. 

«Еркін сүйінші! Оқудан ағаң келді, әйел алып келіпті», – деген диалогпен басталған роман адамзат баласының басына қара бұлт үйірген сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыл өмірін арқау еткен шығарма. 

Келіншек алып келген Сәрсебек ағасының қуанышымен басталған романның бас кейіпкері жоғарыда атап өткен – Еркін Мамырбаев. Нақтырақ айтсақ, бала Еркін. Ештеңенің ақ-қарасын ажыратпаған, жақсы мен жаманның парқын білсе де парасатпен пайым жасап, өмірдің ағы мен адалы қайсы екенін жүрегімен ұғына білмеген, маңдай тасқа тимеген тентек Еркін. Сол балалықтан шығар, ағасының бір басы екеу болғанына шексіз ризашылықпен алақайлап қуанғаны. Қуана жүріп ауылдағы мәре-сәре болған жандардың, әсіресе денсаулығы жоқ шешесінің жүзінен шаттық ізін көргендегі толқығаны. Осындай жанды көріністер оқырманды бірден жұмбақ та іңкәр дүниенің құшағына тартып алып кететіндей. Бұл жерде қарапайым диалогпен басталса да оқырманды елітіп, тұңғиық әлемге бойлатып жіберген жазушы шеберлігін бірден аңғаруға болады. Бердібек Соқпақбаев қолтаңбасы қарапайым диалогтармен тілге жеңіл, астарлы да көркем сөйлемдермен ерекшеленетінін романның әлқиссасынан аңғаруға негіз бар. Бердібек жайлы бұрындары жазылған бір мақаламызда: «Әдетте Чеховты шағын әңгіменің шебері деп жатамыз ғой. Толстойдың бір романын шағын әңгімеге арқау ететін шеберлігіне қарата, болмаса Чеховтың бір әңгімесінен Толстой роман жазар еді деп те тамсанатынымыз бар. Солай болуы да бек мүмкін. Дегенмен, Чеховты шағын әңгіменің шебері деп қана қарау қателік, оның сөйлемі де көркем әрі  қысқа һәм тұшымды емес пе? Ал Толстойдың сөйлемі бір не екі, тіпті бес-алты бетке барып тиянақталады. Міне, сол секілді Б. Соқпақбаев шығармашылығы да қысқа да қанық, шымыр да көркем сөйлемдерден тұрады», – дептік. Бұл көзқарас кітапты қайталай оқығанда, жазушы туралы терең ойланғанда, тағы да алдымыздан шыққанын жасыра алмаймыз.

Аядай ауылға айдай сұлу келін алып келген Сәрсебектің қуанышы оқырман бізді де сүйсінтеді. Қазақтың бір азаматы отау тіксе, өзіне лайықты өмірлік жар тапса қалай сүйсінбейсің?! Кітапқа құныға бас қойған сайын адам психологиясы тұңғиығына тарта береді. Әсіресе, ауыл совет председателі Нұр- әлінің бейнесі, адами қалыбы қайран қалдырады. Мұндай тоғышар, мұндай опасыз, дәл осындай сыр жұқпас суайттар жоқ дейсіз бе өмірде?! Бақталас, бақай күндес адамдар кез келген салада толып жатыр. Ал оқуды жаңа бітіріп келген Сәрсебекті үй ішімен қонаққа шақырған Нұрәлінің түпкі ойы қандай еді? Оны Бердікбек Соқпақбаев тілдей оймен, тұтам сөйлеммен-ақ суреттеп өткен. Оқу бітіріп келген Сәрсебек ертең-ақ ауыл басқаратыны анық екенін біліп,  сол себепті Нұрекең Еркіннің үй-ішіне жайылып жастық, иіліп төсек болады. Барын алдарына тосады...

Сұрапыл соғыс кімді аяған? Денсаулығы жоқ шешені ме әлде жас жүрегі толқыған уыздай жарды ма, болмаса бұғанасы бекімеген жетімекті ме? Ешкімді де! Мамырбаев шаңырағы да сол соғыс салдарынан шайқалды. Сәрсебек ауыл басшысы болмады, майданға аттанды. Сол күннен бастап Нұрәлі ауылдың «қайқы құйрық» төбетіне айналды. Ауылдағы ері жоқ шаңыраққа қарап шәуілдейтінді шығарды. Сәуледей адал әйелді ысырып, нақсүйер тапқаны былай тұрсын, босағаны жаңа аттаған Сәрсебектің Қанышасына (Еркіннің жеңгесіне) есі кетіп, қырындауды шығарды. Осындай оспадар қылық көрсетіп, «көнсе қолынан, көнбесе...» деген өктемдікке илікпегендерді ауыр жұмысқа жекпекші болған Нұрәлі ақырында Мамырбаев әулетіне жауықты. Міне, бұл жазушы басынан өткерген оқиға. Өмір шындығы. Алақандай ауылдағы осы бір оқиға тектес дүниелер еліміздің түкпір-түкіпірінде айна қатесіз қайталанып жатқан-ды. Мұндай трагедияны Бердібек Соқпақбаев та шығармасына арқау етіп, ұлы жазушылыққа ынтық Еркін тағдырына теліп, шебер өрнектей білді. 

Қаныша жеңгесін жылатқан Нұр- әлінің иісшіл тұмсығын бұзуға оқталған бала Еркіннің өжеттігі ақыр соңында өзіне кесір болып жабысты. Дәл осыдан кейін-ақ Еркіннің бітіспес жауына айналған ауыл совет председателі баланың басына «әңгіртаяқ» ойнатады-ақ. Көзден алыс кетсін деп Қарағандыдағы ФЗО-ға оқуға мәжбүрлеп аттандырады. Барған жерде жігер танытып тұрақтап қалуды көздеген Еркін, алайда бірнеше айдан кейін жеңгесінен келген хат көңілі  нілдей бұзылып, Нұрәліге деген ішкі кектің отын қайта өршітеді. Ардақты жеңгесін мұғалімдік қызметтен босатып, «қара жұмысқа шығасың, болмаса салық төлейсің» деген көпе-көрінеу қорлығына ыза болып, ауылға қайтуға қам жасайды. Әрине, заң мен тәртібі қатал Кеңестік жүйе былай тұрсын, соғыс уақытында солқылдақ таныту солдат тұрмақ оқушыға да ауыр қылмыс еді. Осылайша пойызбен қашып келе жатып ұсталып, ақыры ғажайып кейіпкеріміз абақтыда бір жылын өтейді.

Тар қапастан сүйегін сүйретіп шыққан аруақтай кейіпкердің ендігі тағдыры да көпшілік оқырманға таныс екені даусыз. Арып-ашып Алматыға жетеді. Үш жүз шақырым қашықтықта жатқан ауылға барар таныс кездесер ме екен деген далбаса үмітпен Көкбазарды жағалап жүріп нақсүйері Зейнекүлді елден қымсынбай ерткен Нұрәліні кездестіреді. Осылайша жамау-жамау киіммен дұшпанына таба болып, алайда қайырымы бар Зейнекүлдің тығып берген тиын-тебені арқасында жаяу-жалпылама ауылға аттанады. Жол азабын айлап тартып, өлермен күйде ел шетіне ілінеді. Ілінгенде де көңілі кеткен құдашасы Ғалияжанның ауылына тура тартқандағы естігені: «Үйге бір қайыршы бала кіріп кетті!», – деген зілмауыр сөз еді...

***

Иірімі асау өзеннің алапат тартылысына ескекті қайықтың шыдас беруі қиын дүние. Оған кеме керек секілді. Адам жаны, азамат ары сынға түскен кешегі заманда «тар жол, тайғақ кешу» көрсе де «асыл адам айнымас» деген қағиданы қазық қылып, қайық боп туылып, кеме болып тұлғаланған жандар көп ұшырасады. Солардың бірқатары әдеби кейіпкер де болған. Ал Бердібек Соқпақбаевтың кейіпкері көрген қорлық, естіген ащы сөз: «Апай үйге бір қайыршы кіріп кетті...», – деген жалқы дүние деп ойлайсыз ба? Әрине, олай емес. Бұл тек басы ғана. Істі болып, сотталып шыққанның салдарынан Еркін талай жерде жұмыссыз қалып, алтын қазып белден де шойырылады. Ол жерден де Нұрәлінің адам салуымен қудаланып, ақыр соңында арман қуып, тәуекел етіп Алматыға аттанбай ма? Оқиды. Ел қатарлы білім алады. Туғаннан қисық біткен мінезінің арқасында талай жерде таяқ жейді. Алайда, табанында бүр болғандықтан ба, талайлы тағдыры білім алуға келгенде тәлейін жандырады. Оқу бітіріп, өмірлік жарын кездестіріп, үйлі-баранды болады. Алғашқы нәрестелерін суыққа шалдырып, өз қолымен өлім табытына таңып та береді-ау. «Осындай тағдырды жазып шыққан Бердібек Соқпақбаев тұрмақ, оқырманның өзі шерленетін ғұмыр-ау Еркіннің арқалағаны» деп еріксіз күрсінесің дәл осы тұста. 

Иә, Еркін Мамырбаев сан тараулы жолды бастан өткерген кейіпкер. Қосағы екеуі шалғайға барып еңбек етіп, үй салып, бала өсіреді. Жазушылығымен де елге танылады. Ақыр соңында туған жердің түтінін түтетуге бейіл болады. Ал Нұрәлі ше? Қазанның қақпағы кеткен сұрапыл соғыс жылдарында еркек кіндікті қалмаған соң жастай қалған әйелдерге құмартып, азғындыққа басады. Ақырында байлығына көмілген Нәмүріт патшадай, құрдымға кетеді. 

***

Кітапты кейде сан жыл бұрын оқыған шығармасын есіне салсын деген оймен оқырманға осылай мазмұндауға тура келеді. Бұл жазудан қашқан, кейіпкерге деген сөзді ұштай алмағаннан туатын дүние емес. Қазақтың Бердібегі жайлы сан тараулы дүние толғатуға болады. Өзге жазушылардан екшеп алатын, даралап көрсететін қасиеттерін кеңінен әңгімелеп беруге негіз бар. Қасиеті иісі қазаққа білінген, қуаты күллі Алашқа танылған қаламының жүйріктігінен өмір шындығы сия болып із тастаған. Осынау ұлы тұлға кешегі сұрапыл соғыс жылдарын қаншалықты көркем қашаса, ауыл адамдарының бейнесін құдды Валентин Распутиндерден артық-кем бейнелемесе, онда несіне тайсақтайсың, несіне жасқанасың?! Дегенмен, кіл мықтылар, таланттардың өзі жете алмаған классик деңгейіне көтерілген Бердібек Соқпақбаев несімен жүрекке жақын? Ұлы империяның суық саясатынан шыңына мұздақ қатқан қазақ қоғамына сәуледей тиген, нұрдай ақсөңке аярлықты жібітіп, шындық бетін тілшелеп ашқан талант емес пе Бердібек Соқпақбаев?! Шыңға шағылған сәуледей осынау тұлға шығармасынан уақытында сан мың жүрек жылу тапса, ендігі ғасырлардағы тулайтын от жүректер де лайықты нұр жинайтыны сөзсіз. Өйткені,  Соқпақпаев соқпағы бөлек бірегей. Классик!  

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ