АНА

Уақыты: 07.03.2017
Оқылды: 1550
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Дарқан даланың жұпары сіңген жаулықтың иісін сүйемін,
Дүниенің барша мейірімділігіне ақ бастау болған киелім.

Алақаныңдай жұмсақ емес-ті маңдайдан өпкен ақ самал,
Адалдығыңа теңеу болмайды асқарға біткен ақша қар.

Тектілігіңе татитын тіркес таба алмас, сірә, мың ақын,
Ананың нұрлы жанарындай боп шығыстан күлер мына күн...

Зеңгірдің зерлі алқасындай боп ай тұрса көкке ілініп,
Қиылған қас ол, айқаса қалса дүние кетер бүлініп.

Сондықтан ана мейірімінен жырақтап қалған пендені,
Деп білем, жаным, тірідей тірлік сүріп те жүріп – өлгені. 

Мәнгілік мәнді ғұмырды кешу үшін де сезім керек-ті,
Ол үшін әр кез жайнасын ана, жайлауың жасыл желекті.

Мұхиттың суы бір тамшы жасқа пара-пар десе бек сенем,
Анамнан жалғыз шаттықтың жасы мөлт етсе ғой деп 
көксегем.

Көктемнің таңы түсінгендерге күлкіден, жаным, мысқал кем,
Жымисаң аздап сал сәуір кеште оралам мен де құстармен.

Қиқуға салам, базарға бөлеп, періште жүзген аспанды...
Ұлы өмірлердің алғашқы күні алтын құрсақтан басталды.

Басталды дағы, ру боп жүріп,  халық боп өсті емес пе?
Анасыз адам бақытты десе тайсалмай шығам егеске.

Сондықтан, ана, қасиетіңе жаһұтты жырдан теңеу жоқ,
Тербелсін бесік адам мен әлем кетпеуі үшін бебеулеп...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.