«Адамның суретіне қарап, дертін білу мүмкін емес»: Тәжірибелі дәрігер халық емі жайлы ойын айтты

Уақыты: 11.06.2023
Оқылды: 1134
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Денсаулық сақтау саласының білікті мамандарымен сұхбаттасып,  халықтың көкейіндегі сұрақтарына жауап алу мақсатында ашқан «Диагноз» бетінің кезекті санын «Нұр Авиценум» жекеменшік емдеу орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері  Жанар Қойшыбаеваға  арнап отырмыз.

Жанар Әділханқызы,  коронавирустан кейін адамдардың денсаулығында қандай өзгерістер болды? Айығу процесі аяқталды ма? Осы уақтытта өкпе дерті таралып кетті деушілер бар.

– Коронавирус 2020 – 2022 жылдары тұрғындар денсаулығына кері  әсер етті.  Дәрігерлер бұрын-соңды мұндай сырқатпен күреспегендіктен басында тосылып қалды.  Алғашқы емдеу тәсілдері тиімсіз болды. Соның салдарынан ем қонбай, біразының созылмалы  сырқаттары қайта қозды. Көп адам қайтыс болды. COVID жұқтырған адамның иммунитеті оңайлықпен қалпына келе қоймайды. COVID-тің зардабын әлі шегіп жатырмыз. Ағза жұқпаның әсерінен арылуы үшін  имунитетті көтеретін қоспалары бар дәрумендер ішу керек. Бұл сырқат өкпе дертінің өршуіне әкеліп соқтырды. Біршама адамның үйден емделуі, қадағалаусыз жүруі туберкулез кеселінің жайылуына себепші болды. Денсаулық сақтау саласының мамандары өкпе дертінен зардап шегушілердің  денсаулығы үшін күресуде.

– Медицина саласындағы бүгінгі өзекті мәселелерге тоқталыңыз.

– Медицина саласындағы өзекті мәселенің бірі – аудандық және ауылдық жерлерде білікті дәрігердің жетіспеушілігі.  Сондай-ақ, алыс аудандар мен шалғай елді мекендердің  медициналық құрал-жабдықтарының істен шығып, жаңартылмауы. Соның салдарынан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қаржы аударушыларды  облыс орталықтарына немесе ақылы медициналық орталықтарына жіберуге мәжбүр. Көбінесе УДЗ, МРТ, КТ сынды құрал-жабдықтар жоқтың қасы. Осының салдарынан  медициналық қызметке көңілі толмаған тұрғындар наразылығын айтып жатады. Дұрыс диагноз қою үшін сол заманауи аппараттарға түсу керек.  Ол үшін ауыл халқы қалаға сабылады. Дәрігерге барар алдында ең бірінші терапевтке қаралу керек. Маман қай  сала дәрігеріне баратынын айтып, оның қабылдауына жазады. Сол уақытта  сырқат біраз уақытын жоғалтады. Бұл жүйе де сырқаттардың ренішін тудырып жатады.

– Сырқаттар жасарып бара жатыр деп айтып жатырмыз. Соның себебіне тоқталсаңыз. Яғни бұрын орта жастан асқан адамдарда болатын сырқаттар бүгінде жастарда кездесуінің  себебі не?

– Иә, қазір жастар да  қауіпті, созылмалы сырқаттарға шалдығып жатады. Экология, дұрыс тамақтанбау, зиянды әрекеттер адам ағзасын улауда. Менің ойымша, осының барлығының алдын-алу үшін көктемде, күзде дәрігерге қаралып тұрған жөн. Бізде арнайы скрининг бағдарламасы бар. Сол бойынша дәрігерлерге  тексерілу керек. Шақыру жіберілсе де көп адам скринингтік тексеруге келмей қалады. Бұл – онкологиялық, қант диабеті, қын қысымы сияқты кеселдерді уақытында анықтауға мол мүмкіндік. Ағзада сырқат белгісі анықталса бірден ем тағайындалады. Сырқат  жазылғанша дәрігердің қадағалауында болады. Ем ерте басталса сауығу мүмкіндігі де мол. Тез дайындалатын тағамдар, газы бар тәтті сусындар, зиянды әрекеттер жастардың жас кезінен сырқат болуына әсер етеді. Көп жағдайда асқазан, бауыр, түрлі ішек ауруының пайда болуына себеп болады.  Сондықтан да денсаулыққа уақытылы ден қойып, тұрғылықты мекен - жайы бойынша дәрігерге тексеріліп тұру абзал.

– Созылмалы  кеселдердің алдын алу, емдеу барысында Үкімет тарапынан қандай шаралар жасалуда?

– Диспансерлік есепте тұратын науқастарға дәрі-дәрмек, шипажайлық ем тағайындалады. Кейбіреулеріне күндізгі стационар және шипажайлық курорттық жолдама беріледі. Үкімет тарапынан қаржыландырылады, сол арқылы созылмалы сырқаты бар адамдардың шипажайларда тегін демалуға мүмкіндігі бар. Сауықтыру орталықтары сырқаттың диагнозына қарай ем-дом, ас ауқат беруді нақтылайды. Жаяу серуендеп көркем көріністерді көру де емделушінің өмірге құштарлығын оятып жаңа күш береді. Былай айтқанда шипажай дәл қонақ үй сияқты бұл жердегі басты айырмашылық келушіге емдеу және сауықтыру жолдарын ұсынады. Шипажайда емдеудің негізгі міндеттері: созылмалы сырқаттың симптомдарын төмендету, дәрілік терапия көлемінің төмендеуі, инфаркт, инсульт немесе сынық жарақаттары, отадан кейінгі оңалту, созылмалы және жасқа байланысты аурулардың пайда болуының алдын алу, жалпы денсаулық пен иммунитетті қатар нығайту. Сондықтан Үкімет тарапынан берілетін көмектерді алып, оның игілігін көру тұрғындардың өзіне байланысты.

– Жаз маусымында адамдар денсаулығын қалай күту керек?   Қандай шаралар қолданғандары жөн?

– Жазда күн сәулесінен сақ болу керек. Әсіресе қан қысымы жоғары кісілер уақытылы дәрілерін ішіп жүргені абзал.  Күн ысығанда суға түсуге құмартатынымыз рас. Ішімдік ішіп суға түсуге болмайды. Аяқ-қолы тартылып қалуы мүмкін. Балаларды судың терең жағына жібермеу керек. Бүлдіршіндерді көзден таса қылмаған жөн. Олар терең жерден шыға алмай қалатынын білмейді. Немесе жел соғып, толқын көтерілгенде суға шомылуға бармау керек.  Лас суға түсуге болмайды. Тұрып қалған көлшікте бактерия болады. Егер құсып, бас айналдып, дене қызуы көтерілсе бірден дәрігер шақыртқан жөн. Тау-тасқа барғанда да абайлаған дұрыс. Себебі, аллергия туғызатын шөптер болады.  Бауырымен жорғалаушылар, дәрі себілген шөптер қауіпті. Сондықтан, жазғы демалысты ұйымдастырғанда сақтық шараларын қатаң сақталу тиіс.  

– Адам ағзасындағы сырқатты нақты анықтап, диагнозын дұрыс қою үшін қандай әдістер қолданасыздар?

– Біріншіден, келген емделушіден денсаулығына байланысты шағымдарын сұраймыз. Лабораториялық және инструменталдық зерттеулер жүргіземіз. Мысалы,  қан қысымы 160 /100 болса онда протокол бойынша анализдер алынып УЗИ, ЭКГ, ВЭМ, СМАД  секілді тексерулерден өткізіп, сәйкесінше диагноз қойып,  емдеу шараларын бастаймыз. Диагноз қоюда мұқият болу керек. Дұрыс диагноз қойылмаса сырқаттың тиімді түрде емделуіне мүмкіндік берілмейді. Сондықтан да анализдердің қорытындысының маңыздылығы жоғары себебі, сырқат түрі анықталады. Кейде анализ қорытындысының уақыты өтіп кетуі де мүмкін ондай жағдайларда анализ қайта тапсырылып, нақты сырқат белгісін анықтап атады. Диагозды дұрыс қою – дұрыс емдеудің кепілі.

– Халық еміне көзқарасыңыз қандай?  Мысалы, таңдай басу, ұшықтау, құйрық маймен сылау жайлы не айтасыз?

– Қазіргі таңда емші көп. Ол әрбір адамның өз сеніміне, қалауына байланысты. Емделушілерге анаған бар,  мынаған барма деп айта алмаймыз. Заман дамыған сайын емшілер тіпті онлайн форматына  көшкен. Адамның суретіне қарап, оның қандай дертке шалдыққанын білу мүмкін емес. Білікті дәрігерлерге жүгінген дұрыс. Медицина маманы қандай дертке душар болғаныңызды анықтап, емделу жолдарын көрсетіп, толық айыққанша қадағалайды. Ежелгі қазақтың емдеу тәсіліне келетін болсақ, халық емінің ең дұрысы құйрық маймен сылау дер едім. Себебі, құйрық майдың емдік шөптердің сығындысы. Сондықтан құйрық майдың емдік қасиеті жоғары. Көп жағдайда құйрық майды баланың  терісін жұмсартып, қан айналымын реттеу үшін жағады. Тек балаға емес сонымен қатар буындардың ауырсынуы, сүйек, бас, іш, аяқ -қол сырқырағанда үлкен кісілер ем болсын деп дәрігерлер жазып берген рецепт бойынша дәрімен де араластырып жығып жатады. Тек пайдасы болмаса мұның ешбір тигізер зияны жоқ.

– Медицинада емделуі қиын, ауыр дерттерді емдеуде қандай жаңалық, әдістер қолданылуда. Оңалту орталықтарының  сырқаттарды аяғынан тұрғызуда көмегі қандай?

– Қазақстанда медицина қарқынды дамуда. Шетелдік білікті мамандармен дәрежесі тең. Небір күрделі оталарды да өзіміздің жергілікті дәрігерлерден жасатуға болады. Мысалға алатын болсақ бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі, бүйрек трансплантациялары секілді ауыр оталар жасалынады. Осындай күрделі оталардан кейін емделушінің сырқатының деңгейіне байланысты арнайы оңалту орталықтарына жолдама беріледі. Отадан шығып, денсаулығын нығайтып емделіп шығуына зор мүмкіндік деп айтуға да болады. Сол себепті де оңалту орталықтары көптеп ашылуда. Тұрғылықты мекен жайына байланысты орналасуға болады. Мұндай орталықтарда мүмкіндігі шектеулі балаларға да көп көңіл бөлінуде. Әр емделушіге сәйкес оңалту шаралары жүргізіліп, аяғына тұрып кетуі де әбден мүмкін. Қорыта келе айтарым, қандай да бір сырқат болмасын соны қабылдап, нық ұстаныммен жүріп жеңе білу керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Гүлжан Тұрсын