КОРОНАВИРУС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА САНИТАРЛЫҚ КҮШЕЙТІЛГЕН РЕЖИМ ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 15.03.2020
Оқылды: 1111
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысы аумағында коронавирустың келуі мен таралуына жол бермеуге қатысты қаулы қабылданды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде коронавирус инфекциясының лабораториялық дәлелденген жағдайының тіркелуіне байланысты оның облыс аумағына келуі мен таралуына жол бермеу мақсатында Алматы облысының бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов «Алматы облысында коронавирус инфекциясының келуі мен таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күйшейту туралы» қаулы қабылдады.

Бұл қаулы тиісті заңнамаларға және ҚР Денсаулық сақтау министрі мен Алматы облысы әкімімен бекітілген Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы анықталған және таралған жағдайда әрекет ету алгоритміне сәйкес қабылданды.

Қаулыда «Қорғас» орталығы жұмысын 15 наурыздан бастап тоқтату және «Қорғас» орталығының облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ерекше өкімі шыққанға дейін жабық болатыны туралы айтылған.

Сол сияқты қаулыға сәйкес, барлық өндірістік ғимараттарда санитарлық-дезинфекциялық күшейтілген режим жүргізіледі. Азаматтар жаппай және ұзақ мерзім болатын ғимараттарда қол жууға арналған дезинфекциялаушы құралы бар жабдықтар (санитайзерлер) орнатылуы тиіс.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды