ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТӨРТІНШІ ЖАСӨСПІРІМДЕР СПАРТАКИАДАСЫ ӨТІП ЖАТЫР

Уақыты: 27.07.2022
Оқылды: 1425

Талдықорған қаласында ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындары өтіп жатыр. Жарыс спорттың 12 түрінен өтуде. Оған еліміздің 14 облысынан 3 мыңнан астам спортшы қатысуда. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Талдықорғандағы «Бесарыс» көгалдағы хоккей стадионында жарыстың ашылу салтанаты өтті. Оған Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

- Жасөспірімдер тәрбиесі – бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі. Оларды бұқаралық спортқа тарту арқылы ерік-жігерін шыңдау, мінез-құлқын тәрбиелеу, рухын бекемдеу – біздің ортақ міндетіміз. Осы орайда бүгінгі басталып отырған жазғы ойындардың маңызы зор. «Жүзден – жүйрік, мыңнан - тұлпар» демекші, әрдайым Көк Туымызды жоғары ұстап, абырой биігінен көрініңіздер. Барша спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін! – деді Б.Исабаев.

Жарыс бағдарламасына сәйкес, волейбол мен асық атудан «Жастар» спорт сарайында, грек-рим күресі, еркін күрес, қазақ күресінен «Өркен» спорт кешенінде, дзюдодан «Жастар-2» спорт кешенінде, шағын футболдан «Болашақ» стадионында, көгалдағы хоккейден «Бесарыс» стадионында, баскетбол 3х3-тен І.Жансүгіров атындағы университетінің спорт кешенінде, үстел теннисінен «Жетісу» теннис орталығында, тоғызқұмалақтан Жастарға қызмет көрсету орталығында, армрестлингтен Өтенай ауылдық округінің мәдениет үйінде өтеді. Жазғы ойындар 3 тамызға дейін жалғасады.

Еске салсақ, төрт жылда бір рет жалауын желбірететін бұл дода осыған дейін 2018 жылы Сыр өңірінде өткен болатын.

Аймақтағы жас спортшылардың жетістіктеріне қысқаша тоқталсақ, жыл басынан бері халықаралық және республикалық жарыстарда облыс қоржынына түрлі дәрежедегі 900 медаль түсті. Жалпы, облыс аумағында кәсіпқой клубтардан​ «Жетісу» футбол клубы, «Жастар» ойындық спорт түрлері клубы және «Олимп» регби клубы бар. Бұл ретте «Бесарыс» көгалдағы хоккей командасы 2021 жылы ҚР чемпионатында ерлер арасында 1-орын, әйелдер арасында 2-орын иеленген. Сонымен қатар 2022 жылы Тайландта өткен Азия Кубогында әйелдер командасы 1 және ерлер арасында 2-орын иеленіп, 2023 жылы Африка елінде өтетін Әлем чемпионатына жолдама ұтып алды.

Спортшылар ішінде тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Арсен Есентайды, шахматтан Азия чемпионы, Әлем чемпионы Елназ Қалиахметті, дзюдодан ІІІ-жазғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарының жеңімпазы Бекарыс Сәдуақасты, велоспорттан Евгений Федоровты, сол сияқты 2022 жылдың басынан каратэ шотоканнан І Азия чемпионатының жеңімпаздары Сайлау Миратты, Михайл Пушкинді, жүлдегерлер – Рамазан Ибегенді, Салават Рахымовты, Аргүл Мәжитованы, Ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен қыздар арасында Азия чемпионатының күміс медаль иегері Надежда Лиді мақтанышпен айтамыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"