ТАЛҒАРЛЫҚ СПОРТШЫЛАР АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 27.07.2022
Оқылды: 1649

Шілденің орта шенінде Бангкок қаласында дзюдодан жастар арасында өткен Азия чемпионатында Талғар қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері ел намысын қорғап, қарсыластарынан басым түсті.

Азия мемлекеттерінің әр түкпірінен келген кіл мықтылармен бақ сынасқан білекті де жүректі жастарымыздың білікті бапкері Наиль Мусаевтың шәкірті Нұртай Жалын 66 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орын иеленді. Ал осы мектептің талантты спортшысы Аружан Ережепова ІІ орынға табан тіреді. Бапкері Бейбіт Сұлтанов қарсыласын алып та, шалып та тізе бүктіретін Аружанның келешегінен зор үміт күтеді.

– Спортта жетістікке жету үшін таудай талап пен темірдей төзім керек. Тәуелсіз еліміздің намысын арқалап жүргенімізді жүрекпен сезінген сайын жауапкершілік арта түседі. Алдағы мақсат – әлем чемпионы атану, – дейді Аружан Ережепова.

Азия чемпионатының жүлдегерлерін әуежайдан күтіп алған Талғар ауданының өнерпаздары ақжарма тілегін арнап, жырдан шашу шашты. Бұл құрмет спортшыларды қанаттандырып қана қоймай, бұдан да биік белестерді бағындыруға жігерлендіре түсері сөзсіз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы