Қаламгер есімі құрметтелді

Уақыты: 28.10.2017
Оқылды: 1226

Өткен аптада Күрті ауылдық округіне қарасты Ақши ауылында жалынан ұстатпайтын жалған дүниеде күйбең тірліктің шырмауына түспей, парасат биігінде өмір сүрген журналист Сәдуақас Бигелдіұлын еске түсіру мақсатында облыс көлемінде бокстан жасөспірімдер арасында турнир өтті. Турнирге 180 былғары қолғап әуесқойлары қатысты.
Қаламгерді еске алуға арналған облыстық турнирдің құрметті қонағы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов болды. Құрметті қонақтар қатарынан кәсіпқой бокста атой салып жүрген қаршадай қызымыз ақшилік Б. Мұздиман, аудандық спорт бөлімінің бас маманы Ж. Қабдыкаримов, аудандық мәслихат депутаты Ғ. Дауталиев, джиу-джитсудан Азия чемпионы    Н. Орынбасаров орын алды. 
Алғашқы сөз кезегін Ермахан ағамыз алды. «Елімізде жасөспірімдер боксы үнемі алдыңғы қатарда. Егер осы қалыптан таймасақ, үлкен жарыстарда жүлделі орындардан құр қалмаймыз деген ойдамын. Мысалға, кеше ғана осы Ақшидің қасиетті топырағында дүниеге келген қызымыз Балауса Мұздиманды алайықшы. Күні кеше ғана ол АҚШ-та өткен кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуінде керемет шеберлік танытты. Сол сияқты, мына қатысып жатқан балалардың арасынан да тамаша боксерлердің шығатынына сенімдімін. Турнирге қатысушыларға сәттілік, ал ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан алғысымды айтамын», –  деді ол.
Жасөспірімдер арасында өткен жарысқа еліміздің бірнеше облысынан келген былғары қолғап шеберлері, сондай-ақ, аудан спортшылары қатысып, бақ сынады. Сонымен Жаркент, Қараой, Ақши және Жетіген командалары жеңімпаз деп танылды. Аталған ауылдардан келген бокс шеберлері әр салмақ бойынша көбірек бірінші орынды иеленді. Осы командаларға кубоктар табысталды. 
Турнир соңында іс-шараны ұйымдастырған журналист марқұм  Сәдуақас Бигелдіұлының баласы Абай Сәдуақасқа жаттықтырушылар мен ауыл азаматтары шексіз алғыстарын білдірді. Осы Ақши ауылында көп жылдар бойы еңбек етіп, ғұмыр кешкен қаламгер рухы осылайша құрметтелді.


Бағдат Чойбасов,
журналист. 
Іле ауданы.