АҚЫЛ-ОЙ АЛАМАНЫ. ҚОНАЕВТА ШАХМАТТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС ӨТІП ЖАТЫР

Уақыты: 18.11.2022
Оқылды: 1498

Қонаев қаласында Балалар жылына арналған «KONAEV CUP – 2022» халықаралық шахмат турнирінің салтанатты ашылуы өтті. Айшықты шараны Алматы облысы мен Қонаев қаласы әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығы, республикалық және облыстық шахмат федерациясы ұйымдастырды.

Халықаралық турнирге Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Грузия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Армения және Қазақстан сияқты 9 мемлекеттен 200-ден аса көрнекті гроссмейстерлер мен жас спортшылар қатысты. Шахмат турниріне «Қонаев» Халықаралық қорының Президенті Елдар Қонаев, «Алматы облысы шахмат және шашка федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Саят Егенбердиев, әйелдер арасындағы халықаралық  гроссмейстер, әйелдер арасындағы Азия вице-чемпионы, жылдам шахматтан Азия ойындарының жеңімпазы, әлемдегі ең мықты 100 гроссмейстер, әйелдер арасындағы ТОП-10 қатарында Динара Сәдуақасова, шахматтан Қазақстан Республикасы құрама командасының капитаны, Қазақстан Республикасының және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Ринат Жұмабаев, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, 18 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нөгербек Қазыбек, Қазақстан Республикасының шахматтан еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Konaev CUP – 2022» халықаралық турнирінің бас төрешісі Алма Ашира және Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев шақырылды.

Шарада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйлеп, шахмат ойынына қатысушы жастарға сәттілік тіледі.

– Сіздерді Қонаев қаласында көргеніме қуаныштымын. Қонаев қаласы бүгінде спорттық іс-шаралардың орталығына айналды. Бұқаралық спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық даму жоспарының басым бағыттарының бірі. Сондықтан да Қонаев қаласы облыс орталығы болып бекітілгеннен бері облыстан бастап халықаралық деңгейдегі түрлі спорттық турнирлер көптеп ұйымдастырылып келеді. Шахмат ойыны – адамның ақыл-ой ұшқырлығы мен шығармашылық қабілетін дамытуға, тапқырлық пен жылдам шешім қабылдауға ынталандыратын спорт түрі. Қазіргі қоғам интеллекті жоғары, терең ойлы азаматтарды қажет етеді. Елімізде сіздер сияқты ой-өрісі мықты дамыған жастардың көп болғаны маңызды. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Елімізде көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалға шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақ күресі», – деп атап өткен болатын, – деді облыс басшысы.

Әкім өз сөзінде шахматтың әлем бойынша ерекше құрметке ие спорт түрі екенін, «KONAEV CUP»  жарысының Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласында өтуі үлкен мәртебе саналатынын, осындай ірі спорттық шара болашақта жоғары дәрежелі спортшыларды дайындап, тәрбиелеуге, спорттың ел арасындағы достықты нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ, Балалар жылына орай ұйымдастырылған бұл шара жас жеткіншектерді аталған спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға қызықтыру басты мақсат екенін және осындай турнирлерге қатысушы жас жеткіншектер арасынан болашақта абырой биігінен көрінетін, ел намысын қорғайтын мықты азаматтар шығатынын назарға салып, маңызды шараның әр елден келген балалар үшін қызықты әрі пайдалы өтетініне сенім артып, жас спортшыларға жеңіс тіледі.

Өз кезегінде шахмат турниріне қатысқан құрметті қонақтар жүрекжарды ақ тілек, ізгі ниеттерімен бөлісіп, төрешілерге әділдікті ұстануға, спортшыларға жеңіспен қайтуға тілектес екенін білдірді. Бұдан соң Алматы облысында спорттың дамуына үлес қосып жүрген бір топ азамат облыс әкімінің Алғыс хаты және естелік сыйлықтарымен марапатталды. Олардың қатарында Динара Сәдуақасова, Ринат Жұмабаев, Нөгербек Қазыбек, Алма Ашира және Саят Егенбердиев бар.

Айта кетейік, халықаралық жарыстың жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды. Бір күнге созылған сайыс соңында ақыл-ойдың үздіктері анықталып, қаржылай сертификаттармен және арнайы медальдармен марапатталды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото – Руслан ҚАДЫРОВ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы