ЖАС СПОРТШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 06.11.2017
Оқылды: 1420

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымының, "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл М. Түймебаев ауылының жас спортшыларымен кездесті. Шараға "Сағадат сардар" жаттығу залында тәлім алып, джиу-джитсу, грепплинг, аралас жекпе-жек спорт түрлерінен Әлем, Азия және халықаралық жарыс чемпиондары атанып жүрген 30-ға жуық жасөспірім қатысты.

 

Естеріңізге сала кетейік, аралас жекпе-жектен Азия чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров М.Түймебаев ауылында Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың құрметіне арнап "Сағадат сардар" спорт клубын ашқан болатын. Бүгінде бұл клубта жаттығатын жасөспірімдер саны 80-нен асты. Кездесуде Бақытбек Смағұл елі үшін аянбай ерлік еткен ұлт мақтаныштары Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов туралы әнгімелерін айтып берді. Сондай-ақ, өз өлеңдерін оқып, балалардын рухын бір көтеріп тастады. Депутат ауыл спортын дамыту жолында ерінбей еңбек етіп, қазақ балаларын әлемдік аренаға шығарып, биік тұғырдан көруіне сүбелі үлес қосып жүрген Нұрсұлтан Орынбасаровқа кітаптарын сыйға тартты. Нұрсұлтан Орынбасаров та өз кезегінде сыйлы қонаққа ата салты бойынша шапан жауып, ризашылығын білдірді.

     - Спортшыларымыз әлем ареналарында ел намысын қорғап, чемпион атануы үшін рухы биік, патриот болуы керек. Жас өркеннің бойына мұндай қасиеттерді қалыптастыру үшін осындай ағаларымызбен жиі кездесулер өткізіп тұруымыз шарт, – деді Н.Орынбасаров. Сонымен қатар, кездесуге ауыл спортының дамуына үлкен үлес қосып жүрген Іле ауданының мәслихат депутаты Ғани Дауталиев, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерлан Мейірманов, Іле ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Əуелханұлы және осы бөлімінің бас маманы Жəнібек Қабдікəрімов келді.

Бақытбек Смағұл – спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп жүрген жанашыр тұлғалардын бірі. Айта кетейік, Бақытбек мырза ҚР Әмбебап жекпе-жек федерациясының, ҚР Әскери-патриоттық спорттық клубтар федерациясының төрағасы қызметтерін қатар атқаруда.

Нұртуған БЕКМҰРАТ,

Іле ауданы.