БОЛАШАҚ – ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

Уақыты: 10.09.2024
Оқылды: 222

Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен өркендеуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Сондықтан болар, дана халқымыз ел келешегінің кемел, болашағының жарқын болуын үнемі жастармен байланыстырады. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады.

Осыған орай, республика және облыс деңгейінде жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Сол жұмыстардың жалғасы ретінде биыл алғаш рет Мемлекет басшысының бастамасымен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жобасы жүргізілді. Мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту.

Іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы жүзеге асырды. Нәтижесінде Жетісу облысының өңірлік кадр резервіне 2 жыл мерзімге 20 азамат іріктелді. Ендігі кезекте, осы азаматтар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, облысымыздың жергілікті атқарушы органдарындағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеусіз орналаса алады. Жалпы, өңірлік кадрлық резервке іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты. Жетісу облысында жобаның алғашқы кезеңі «Құжаттарды қабылдау» сатысында аталған талаптарға сәйкес келетін 300 жас өтінім білдірді. Сондай-ақ, іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология сияқты 7 салалық бағыт аясында жүзеге асырылды.

Іріктеудің екінші кезеңі «Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу» сатысы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық, қалалық филиалдарының тестілеу орталықтарында ұйымдастырылды. Сәуір айында өткен «Заңнаманы білуге арналған тестілеу» кезеңінде кандидаттар Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдарын, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі бойынша тест тапсырды. Заңнамаларды білу тестінен жоғары нәтиже көрсеткен 145 қатысушы осы кезеңнің екінші блогы «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестіге» жіберілді. Бұл кезеңде кандидаттардың бастамашылық, коммуникативтілік, талдамалық, ұйымдасқандық, стратегиялық ойлау, көшбасшылық, әдептілік, сапаға бағдарлану, тұтынушыға бағдарлану, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік деңгейін анықтауға арналған тапсырмалар қамтылды. Үздік нәтиже көрсеткен 40 қатысушы жобаның келесі кезеңіне өтті.

Үшінші кезеңде кезең мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы кандидаттардың белгілі бір құзыреттерін (проактивтілік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сендіре білу) анықтауға және бағалауға бағытталды. Ассессмент-орталықтың нәтижелері бойынша әрбір кандидатқа қысқаша есептер қалыптастырылды, олар кандидаттың жеке кабинетінде орналастырылды. «Комиссиядағы құрылымдық сұхбат» кезеңіне ассессмент-орталықтың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 32 кандидат жіберілді. Сұхбат кандидат өзі таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны таныстыру форматында өтті. Кандидатқа өз жобасын таныстыруға 5 минут уақыт берілді. Осы уақыттың ішінде кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсаттарын, оны іске асыру кезеңдерін, іске асыру кезіндегі ықтимал мәселелерді қорғауға мүмкіндік берілді. Комиссияның қорытынды отырысында сұхбат нәтижелері бойынша үздік деңгей көрсеткен 20 азамат Жетісу облысының өңірлік кадр резервіне іріктеліп алынды.

Ендігі кезекте, өресі биік, жалынды резервке алынған 20 жас  облысымыздың жергілікті атқарушы органдарында табысты еңбек етіп, белгілі бір саланы дамытуға ат салысады деген сеніміміз мол.

Қобылан МАНАП,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

 

Фото: Sputnik/Ертай Сарбасов