Талдықорған әкімдігі назарына: Күре жолдың бойына қараусыз қалдырғанымыз қалай?

Уақыты: 10.09.2024
Оқылды: 279

Талдықорған қаласының солтүстік-батысында қоныс тепкен «Ынтымақ» ауылы облыс орталығының кіндік баласы іспетті. 2018 жылы күзде өңір басшылығы ақжолтай тілекпен тұсауын кесіп, жаңа өмірге басқан қадамын ашып берді. 2019 жылдан бастап, шағын ауыл көктемгі қар астынан тесіп шыққан бәйшешектей құлпырып, қыр қызғалдағындай көз тартып, бой түзеп ел қатарына қосылды. Тек бір әттеген-айы болмаса...

Дәл сол 2019 жылдан бастап ауылға іргелес жатқан Өтенай ауылы арқылы №4, №227 бағытындағы екі автобус қатынай бастады. Өтенай ауылының шыға берісінен Ынтымақ ауылының аяқ жағындағы Мұқағали Мақатаев көшесіне дейінгі жолдың арасы 50-60 метр-ақ. Осы аралықты аттап кететін қоғамдық көлік ауыл ішімен өтіп, мектеп тұсынан Желтоқсан көшесін бойлай жүрсе ауыл тұрғандарына, әсіресе қарттар мен науқас адамдарға көп көмегін тигізеді. Яғни, Қабанбай көшесімен 2019 жылдан бері жүріп жатқан автобус Мақатаев көшесімен де жүріп өтсе дұрыс болар еді. Сонда көліктің пайдалану тиімділігі 100%-ды құрайды. Бұлай қазбалап отырғаныма күнделікті қайталанатын көрініс себеп болды. Ондайға үлкендер онша көп мән бере бермейміз.

Бір күні 2 бүлдіршін қыздың Үштөбе айналма жолындағы, елді мекеннен 100 метр шамасындай қашықтықтағы, қалың бұталы ағаштың жанындағы аялдамада көлік тосып тұрғанын көріп қалдым. Әншейінде «Жастар еліміздің болашағы, Отанымыздың тірегі мен қорғанышы!» – деп ұрандаймыз. Бірақ мынадай бүлдіршін қыздарды күре жолдың бойына қараусыз қалдырғанымыз қалай? Айналаның бәрі қалың ағаш, арық, жаяу жүрген жолаушының өзі сескенеді. Күнделікті осылай қоғамдық көлік тосқан қос бүлдіршін бір күні екі аяқты қарға-құзғынның ермегі мен жемтігіне айналмасына кім кепіл?! Ондайдан құдай сақтасын, дегенмен, шарасыз ата-ана зарын мен назын кімге айтар? Сондықтан мәселені халық наразылығын тудыратын оқыс оқиғаға жеткізбей шешу керек. Ондай игілікті іс істеген шаһар басшылығы «Туған жерге туыңды тік!» деген ата-баба өсиетін ақтап, «Халықтың ұлы!» деген атқа ие болар еді!

Ауыл тұрғындары автобустардың ыңғайлы маршрутпен жүргенін қалаған тілектерінің орындаларына үмітпен қарайды.

 

Құдайберген Тарыбайұлы,

ауыл тұрғыны