ӘСКЕРИ ӨМІРМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 30.07.2018
Оқылды: 1593

   Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен, атқарып жатқан жұмысымен танысу мақсатында 21751 әуебазасы әскери бөліміне барды.

 

    Бұл мекеме республика бойынша алдыңғы қатардағы әскери бөлімдердің бірі. Жақсылық Мұқашұлы еліміздегі 900 сарбазы бар ең үлкен авиабазадағы ұшу-жаттығу аэродромына барып, ұшуды басқару орындарын аралады. Мұнда қызметкерлердің киімдері, дәріс алатын бөлмелері мен демалатын жерлері бар. 
   Мекеме барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар, биыл «СУ–30» ұшағын алған. 
   Осыдан кейін оқу-жаттығу аэродромына бардық. Мұнда 21751 әуебазасы әскери бөлімінің жұмысымен етене танысып, тілшілерге  практикалық түрде арнайы жаттығулар көрсетілді. Көк аспанды шыр айналып  қалықтай ұшқан үш әуе техникасын байқадық. 
   Әскери жаттығудан кейін ұшақтар тиісті орындарына келіп қонды. Бізге бірінші эскадрилья ұшқышы Мирас Айдарұлы әуебазаның техника паркіндегі ұшақтарын таныстырды. Мұнда «Л–39», «СУ–30», «МИГ–27» ұшақтары бар. Мирас Айдарұлы: «Ұшқыш болу оңай емес. Адам  жігерлі, қайратты болып, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдап, тапқырлық таныта білуі керек. Сонда ғана одан мықты маман шығады. Сонымен қатар, мұнда токты, қозғалтқышты, радиобайланысты, қару-жарақтарды қадағалап, ұшақты тексеретін арнайы мамандар бар. Бұл өте жауапты жұмыс. Жиі қадағалап, тексеріп тұруың қажет. Негізі ұшақ әр 50 сағат ұшқан сайын тексерістен өтіп тұрады», – деп маңызды сала туралы ой қозғады. 
   Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар 21751 әуебазасы әскери бөлімінің мұражайын аралап, Алаштың айбынды сарбаздарының алға басқан қадамы нық болсын деп ізгі тілегін білдірді.

Айдар ҚАЛИЕВ.