Тарихи атаулар қайтарылады

Уақыты: 19.08.2018
Оқылды: 1784

Ономастика мәселесі тіл саясатының басты бағыттарының бірі әрі бірегейі. Себебі мемлекеттің, ұлттың сипаты ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрінеді. Жер тарихы – ел тарихы. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елді мекен, жер-су атауларында жатыр. Осының өзінен-ақ мәселенің қаншалықты күрделі әрі өзекті екенін байқап, ономастикалық комиссияның атқаратын жұмысының ел мүддесі үшін маңызды екенін пайымдай беруге болады.

Қазіргі таңда облысымыздағы аудандар мен қалалардың атаулары ономастикалық және атқарушы органдардың талаптарына толықтай сәйкес келеді. 5 ауданның атауы (Жамбыл, Қарасай, Панфилов, Райымбек, Ескелді) тарихи тұлғалардың есімдерімен аталса, 15-і тарихи жер-су және дәстүрлі атауларға ие. 256 әкімшілік-аумақтық бірліктің 27 атауы кісі есімдерімен, қалған 229 жер-су атаулары дәстүрлі атаулармен аталады. 
2017 жылы 28 ақпанда жергілікті жерлерде кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту, сондай-ақ, кісі аттарына мейлінше шектеу қою туралы атқарушы органдар тарапынан тапсырма келіп түскен болатын. Бүгінгі таңда аталған тапсырмаға сәйкес жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта идеологиялық тұрғыдан ескірген және мағынасыз ономастикалық атауларды қайта өзгерту жұмыстарын жалғастыруды басты назарға алып отырмыз. 
Әрбір ауданда аудан басшыларының әлеуметтік салаға жауапты орынбасарларының төрағалығымен мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат, білім, сәулет және қала- құрылысы бөлімдері, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық газет, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалдары өкілдерінен тұратын тіл және ономастика жөніндегі жұмыс топтары құрылған. Топтың негізгі міндеттеріне  аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелерде тіл және ономастика туралы заңнамалардың орындалуына бақылау жасау, көрнекі ақпарат құралдары мен маңдайша жазуларының заң нормаларына сәйкестігіне зерделеу жүргізу, тексерулер ұйымдастыру, ономастика мәселелері бойынша облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныстар енгізу жатады.
Ономастикалық атаулар тұлғалардың есімдерін ұлықтау, мәңгі есте қалдыру, тарихи оқиғалар, ұлттық құндылықтар мен географиялық жер-су атауларын насихаттау және сол арқылы жас ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беру мақсатында беріледі. 
Қазіргі таңда облыс аумағындағы 17 аудан, 3 қаланың 100 пайызы, 256 ауылдық (кенттік) округтің 97,2 пайызы, 741 елді мекеннің 96,8 пайызы, 10548 көшенің 89,1 пайызы мемлекеттік тілде аталады. Сонымен қатар Заречное, КазЦИК, Энергетический, Космос, Садовое секілді 7 ауылдық округтің, 19 елді мекеннің, Набережная, Степная, Юбилейная сынды 1152-ге жуық көшенің атауы, жалпы алғанда, 10 пайызы өзгертуді қажет етеді. Осы орайда өңірдегі ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру жұмыстары республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су аттары», «Дәстүрлі атаулар» бойынша жасалған тізімдерге сәйкес жүйелі жүргізілуде.
Алдағы уақытта да сала мамандарының қажырлы еңбегімен жүйелі жұмыстар атқарыла бермек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақта «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген сөз бар. Халық жерге ат қою арқылы елінің тарихын да жазып отырған. Тәуелсіз мемлекеттің бір белгісі оның ұлттық нышандары десек, сол ұлттық нышандар елді мекендердің, көшелердің, алаңдардың аттарынан да көрініп тұруға тиіс», – деген еді. Шынымен-ақ, жер-су атаулары ел тарихы мен болашағының жалғаушысы, ұлттық бейненің айнасы іспетті. Оның мағыналы, сауатты әрі таза болуын қамтамасыз ету – біздің қастерлі борышымыз.

Ермек Ақшабаев,
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың
ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы