ДОСЫМА ХАТ

Уақыты: 22.08.2018
Оқылды: 1992

   Аудандық газеттен дос тұтар сыныптасым Әсімхан Майлыбаев жайлы Нәзира Алымқұлованың «Ақынын алқалаған ауыл» мақаласын оқыдым. Онда Үмбетәлі ауылындағы мектептің ұстаздары мен оқушылары, ауданның ақын-жазушылары шығармашылық кешіңді үлкен дайындықпен атап өткені жазылыпты. Арамыз алыс болмаса да екеуміздің әлдебір себеппен бір-бірімізбен тілдеспей кеткенімізге талай уақыт өтті. Менің ендігі үнсіз қалуым жарамас деп мерейтойыңа орай қолыма қалам алып отырмын. Сенің қуанышты күндеріңде өзіңе деген көңіл тебіренісімді газет арқылы жеткізуді жөн көрдім.

 

   Ақын Шекербек Садықанұлының «Өмірдегі ең жақын қимастарым» атты өлеңінің мына бір шумақтарына назар аударайықшы:
Армысың, ардақ тұтар құрдастарым,
Құтты болсын сексен асу қырды асқаның.
Жүрсің бе аман-есен ғұмыр кешіп,
Бір кешкен қиындықты мұңдастарым.
Бір-бір үйдің сабағы құлындармыз,
Соғыстың сәл алдында туылғанбыз.
Әкенің ақылына зәру болып,
Ананың көз жасымен жуынғанбыз.
   Шекербектің «Ананың көз жасымен жуынғанбыз» дегенін оқыған сайын Ибатай апам ойыма оралады. Алтынбек Қоразбаевтің «Қара кемпірінің» шынайы өмірдегі бір кейіпкері Ибатай апам соғыс жылдары мені жетектеп жүріп жеткізді ғой. Есіңде ме, апамды жер қойнына тапсырып, бейіт басында еңіреп тұрғаным? Ақпан айы еді ғой. Үстімде көнетоз күпәйке, аяғымда керзі етік. Жерлеуге қатысқан ағайындар ұзап кете бастады. Дәл сол сәтте сен, Әсеке, жаныма келіп, қолтығымнан демеп, мені бейіт басынан алып шықтың. Ағайындардың берген жәрдемінен гөрі сенің сол сәттегі демеуіңді мен ешқашан ұмытқан емеспін.     «Қуаныш бөліссе көбейеді, қайғы бөліссе азаяды», – деген осы екен-ау. Апамды ақтық сапарға шығарып салған сол күн әманда менің есімде. Саған жақсы тілектер айту үшін алдымен адамгершілік қасиеттеріңді есіме алғаным ғой.
Қиналғанда қайырылып қол созған Әсеке, негізгі мамандығың құрылысшы-инженер болғанымен, сені жұрт ақын, әуесқой сазгер ретінде жақсы таниды. Шабыттанғаныңда ойыңа отты жыр келсін. Деніңе саулық, отбасыңа амандық берсін!
   Мен адал жарың Рысжанның ақпейілді, жарқын жүзді, ағайын арасындағы жылы қарым-қатынасты сақтай білетін сүйкімді, мейірімді әйел екеніне сүйсінемін. «Ер жігіттің аты жақсы болса бір бақыт, алған жары жақсы болса – мың бақыт» демекші, ақыл-парасатымен әулетіңді алақаныңа салып аялап отырған Рысжаныңнан көп әйелдер сабақ алып, үлгі-өнегесін үйренуге болады деп айтар едім.
   «Келін қайын ененің топырағынан жаратылады», – дейді екен бұрынғылар. Сол айтқандай, Оксана келінің Рысжанның пейіліне келген мейірімді де инабатты, ибалы, иманды, ізетті, ақпейілді жан деп ойлаймын. Оксана келінді көрмесем де оны газет арқылы білемін. Сондықтан оны Рысжанға ұқсатамын. «Қыз баланың тәрбиесінде анасы – мектеп, енесі – университет», – дейді жазушы Әзілхан Нұршайықов. Енесі Рысжанның тәрбиесін алған Оксана ізетті келін, ал оның білімді екені жұртқа белгілі.
   Кейде кейбір ағайынның күліп отырып, туырлығыңды тіліп кететінін көргенде «Жанашыры жоқ адам жал-құйрықсыз атпен тең» деген осы екен-ау деп қатты қапаланамын. Сол кезде алдыңда ағаң, артыңда інің болса өмірде рухтанып, анау-мынауға алаңдамай, күш-қуат алып жігерленіп жүреді екенсің. Әсеке, сенің сол күнгі мерейтойыңды келін-балаң, аудан қызметкерлері, мектеп ұжымы Рухани жаңғыру аясында тамаша ұйымдастырған екен. Шығармашылық кешіңде оқушылар әр жылдары жазған өлеңдеріңді жатқа оқып, «Қарғалы» атты әніңді шырқапты. Немерең Нұртілеу домбырамен «Әлқисса» күйін шертіпті. Бұл дегенің артыңда өнерге таласы бар ұрпағың өсіп келе жатқанын көрсетпей ме? Немерең ер жетіп, елге белгілі өнер тарланы болсын деп тілеймін!

Аман бол, адал досым!
 

Мамытбек ӘБДИЕВ
Қарғалы ауылы,
Жамбыл ауданы