ТЕГІН ТАСЫМАЛДАЙДЫ

Уақыты: 22.08.2018
Оқылды: 1286

   Биылғы Құрбан айт мерекесіне орай еліміз ерекше дайындықтар жасауда. Талдықорған қаласындағы орталық «Иман» мешітінің жамағаты 4 шақырымға жуық қашықтыққа марафонмен жүгіруді мақсат етсе, қаладағы 24-ші автобус пен такси қызметі тұрғындарды тегін тасымалдауды көздеп отыр. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкілдігі хабарлады.

 

   Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәжіліс залында өткен жиында жалпы Құрбан айт мерекесінің тарихы, мұсылман әлемі үшін алатын орны, құрбандық шалудың маңыздылығы жөнінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы, «Иман» мешітінің бас имамы Ардақ Оразбаев, «Нұр» мешітінің имамы Алмас Данағұлов, «Жетісу» мешітінің имамы Мұхамед Ордабай кеңінен әңгімелеп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Жылда Құрбан айт күндеріне арнайы мәдени іс-шаралар, спорттық ойындар өткізіледі. Ондағы мақсатымыз – Құрбан айт мейрамының дәрежесін көтеру. Ел болып, сіз бен біз болып осынау ұлық мерекенің дәрежесін асқақтатуға тиіспіз. Сол арқылы отбасымызға қуаныш, бала-шағамызға сыйлық сыйлау, мерекемен құттықтап, үйлерді аралау, ренжіскендердің арасын жарастырып, татуластыру сынды істерді шариғатымыз құптайды, – деген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Оразбай Құрбан айттың мәні мен маңыздылығы жайында әңгімеледі. – Осыған орай облыстың барлық аудандары мен қалаларындағы мешіттердің жамағаттары игілікті шараларды өткізуді жоспарлаған. Біз де биыл спорттық жарыстардың қатарына марафонды кіргізіп отырмыз. Құдай нәсіп етсе, айт намазы Талдықорған өңірінде таңғы сағат 07.00-де басталады. Айт намазынан кейін ұзындығы 3 километр 800 метрге тең марафонымызды бастамақпыз. Қалалық әкімдікпен, облыстық, қалалық спорт басқармаларымен келіскен марафон Алдабергенов көшесінен басталып, Астана–Балапанов–Рақышев көшелерімен «Иман» мешітінің құбыла тарапындағы есігінде түйінделеді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар қойылған. 10 орынға дейін сыйлық беріледі. Сонымен қатар, мешіттің жанынан арнайы дайындалған орындарда қасапшылардың жарысы болады. Олардың жылдамдығы, тазалығы, қолының икемділігі сынға түседі. Одан бөлек, қаламыздағы №24 автобустың 7 көлігі Құрбан айттың құрметі үшін жолаушыларды тегін тасымалдайды. Бұл ұлық мерекені дәріптеуге, абыройын, дәрежесін көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз.
Имамдардың айтуынша, гір тасы мен  қошқар көтеру, күрес, қол күрес сынды спорттық ойындар  Жетісу жерінің барлық мешіттерінде өткізіледі.

 

М. ӘСЕТҰЛЫ