Өзекті мәселелер қаралды

Уақыты: 27.08.2018
Оқылды: 1100

Облыстық мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңірдегі жетістіктер мен көрсеткіштерді талқылаған облыс әкімі Амандық Баталов әр салаға жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына тапсырма берді. ҚР Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» №19 Жарлығын орындау мақсатында ұйымдастырылған «дөңгелек үстел» отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының басшысы, облыстық басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Жиында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары Жетісу жерінің әрбір ауылы мен елді мекеніндегі халықтың сұранысын жеткізіп, ондағы салынуы тиіс немесе күрделі жөндеуден өткізілуі керек нысандарды таныстырды. Атап айтқанда, аграрлық сала, жер қатынастары, экология және ветеринария мәселелері бойынша комиссияның төрағасы Дүйсенбек Нұрланов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комиссияның төрағасы Ызғарбек Бектұрсынов, бюджет, тарифтік саясат комиссиясының төрағасы Қанатхан Нүсіпов, индустриялық-инновациялық комиссия төрағасы Асқар Сүлейменов, Ескелді ауданының атынан Виктор Хильниченко, Қаратал ауданынан Базархан Байтаев, Ақсу ауданынан Рахат Ыбрайымова сөз сөйлеп, көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселелерді ұсынды.
«Дөңгелек үстел» отырысын ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Амандық Баталов:
– Елбасының тапсырмасына сәйкес, жыл сайын облыстық мәслихат депутаттарының алдында өзімнің функционалдық міндеттерімді атқару жөнінде есеп беремін. Биыл есепті кездесудің алдында сіздермен кездесіп, қордаланған мәселелерді қарап, шешу жолдарын талқылап алуды жөн көрдім, – деп биылғы жылдың жетістіктер мен көрсеткіштеріне тоқталды. – Алдымен облыстың даму барысына қысқаша тоқталып өтемін. Биылғы қаңтар-шілде айларында облыс экономикасының негізгі салаларында өсім бар. Атап айтсақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,3 пайызға өсіп, 475,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, ауылшаруашылығындағы жалпы өнім 2,9 пайызға артты. Бұл саладағы өнім 224,0 миллиард теңгені құрады. Ал бөлшек сауда айналымы 7,6 пайызға өсіп, 211,2 миллиард теңгенің тауары сатылды. Бұл көрсеткіштердің бәрі де республика бойынша алдыңғы қатарды қамтиды. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі 6,0 пайызға ұлғайып, 107,4 миллиард теңгенің жұмысы орындалды. Соның арқасында 382,0 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Облыс экономикасына 249,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, оның нақты көлем индексі 113,5%. Инфляция 102,6% құрады, оның ішінде азық-түлік тауарлары 102,1%, тұрмыстық тауарлар 102,5%, ақылы қызметтер 103,3%. Жалпы облыс бойынша 18 204 тұрақты жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірдің жетістіктері көңіл қуантарлық. Алайда кемшіліктер де жоқ емес. Белгілі бір салалардың жұмысындағы көрсеткіштердің көңіл көншітпейтінін атап өткен Амандық Ғаббасұлы жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларына жүктелер жауапкершілік артатынын атап өтті.
Бұдан соң облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағаларына сөз беріліп, аудандар мен қалалардағы халықтың өтініші тыңдалды. Отырыста қаралған мәселелердің қатарында тозығы жеткен мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі жолдарды салу, жөндеу, теміржолдардың бойында орын алатын көлік кептелістерінің алдын алу үшін өткелдер, көпірлер салу, ауылдардағы Мәдениет үйлері мен ауызсу жүйелерін, кәріз жүйелерін жаңарту, су қоймаларындағы плотиналарға күрделі жөндеу жүргізу, ауылдық амбулатория емханаларды жөндеу, жаңарту, халыққа қызмет көрсету орталықтарын тұрғызу, кітапханалар мен балабақшалар, демалыс орындары мен туристік нысандар салу, көктемгі тасқынды тежеу үшін тау өзендеріне тоспалар тұрғызу, әскери гарнизондардағы радио-локациялық стансыларды шығару, өрт сөндіру бекеттері мен орталықтарын іске қосу, шағын және орта кәсіпкерлік ауқымын ұлғайту, ауылшаруашылық мақсатында жанар-жағармай қорын жасақтау, дәнді дақылдардың тұқымдарын жаңарту сынды өңір тұрғындары мен сала мамандары үшін аса маңызды тақырыптар бар. Әр тақырыпты жеке-жеке қарастырған өңір жетекшісі мәселелердің орындалуын қадағалауды орынбасарларына жетекшілік жасайтын салалары бойынша тапсырып, тиісті жұмыстардың орындалуын қадағалау керектігін ескертті. 

М. ӘСЕТҰЛЫ