Жетісу облысы мен Алматы қаласының монополияға қарсы органдары жүргізген тергеп-тексеру барысында автомобиль жолдарын жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алулар өткізу кезінде картельдік сөз байласу белгілері анықталды. Тергеу нәтижесінде «РСУ-1» ЖШС мен «АБЗ Карьер ДРСУ» ЖШС сауда-саттыққа қатысу кезінде келісілген әрекеттер жасап, баға ұсыныстарының қалыптасуына ықпал еткені белгілі болды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 169-бабына сәйкес, сауда-саттық қорытындыларын бұрмалауға және бағаларды ұстап тұруға бағытталған нарық субъектілері арасындағы деңгейлес келісімдер картель деп танылады және заңнамамен тыйым салынады.
Компаниялар тергеп-тексеру нәтижелерін сот тәртібімен даулады. Бірінші сатыдағы сот монополияға қарсы органның қорытындысын заңсыз деп таныды. Алайда, апелляциялық шағымды қарау нәтижесінде бұл шешімнің күші жойылып, картельдік сөз байласу фактісі расталды, ал монополияға қарсы органның әрекеттері заңды деп танылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Қазіргі уақытта материалдар қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын бағалау үшін Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Мұндай белгілер анықталмаған жағдайда монополияға қарсы ықпал ету шаралары қабылданады, оның ішінде нұсқама шығару, монополиялық табысты тәркілеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.





