Сыбайлас жемқорлық бүгінде әлем елдерінің көпшілігіне ортақ түйткілге айналды. Бұл құбылыс тек заң бұзушылық емес, елдің экономикалық дамуына, қоғамның моральдық келбетіне және мемлекеттік басқару жүйесінің әділдігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір азамат қоғамның жанашыры болып, жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуіміз қажет.
Мамандардың пікірінше, жемқорлық көбіне пара беру, заңсыз сыйақы алу, таныстықпен қызметке орналастыру, бюджеттік қаржыны жымқыру арқылы көрініс табады. Мұндай әрекеттердің салдары ең алдымен мемлекеттік институттардың беделін түсіреді. Бұл біздің елімізді ғана емес, әлемдегі көптеген елдерді алаңдатып отырған үлкен мәселе.
Бүгінгі таңда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Сондықтан да мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес міндетін құқық қорғау органдарының жұмысы тұрғысынан ғана қарау мүмкін емес. Өйткені, жемқорлықпен күрес – көптің белсене ат салысатын ісі.
Шындығына келгенде, соңғы жылдары мемлекетімізде жүргізіліп жатқан жемқорлықпен күрестің нәтижесінде көпшіліктің пара беруге қатысты пікірлері оңды шешімін тауып отырғанын байқау қиын емес. Бүгінде, әсіресе, шенеуніктерге түрлі сыйлықтар жасаудың тыйылуы соның дәлелі.
Мемлекеттік қызметшілер немесе «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы ҚР Заңының 12-бабына сәйкес өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын өзге де адамдар және олардың отбасы мүшелері сыйға тартушының пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін алған сыйлықтар, егер мұндай әрекеттер көрсетілген адамдардың қызметтік өкілеттіктеріне кірсе немесе олар лауазымдық жағдайына орай осындай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал етсе, не көрсетілген адамдар мен олардың отбасы мүшелеріне айтылмай келіп түскен сыйлықтар, сондай-ақ жұмыстағы жетістіктері және басқа да сіңірген еңбегі үшін табыс етілетін сыйлықтарды қоспағанда, оларға және олардың отбасы мүшелеріне хаттамалық және басқа да ресми іс-шаралар кезінде берілген (табыс етілген) сыйлықтар мемлекетке берілген сыйлықтар болып есептеледі, сонымен қатар аталған заңда және «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы ҚР заңында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде сатып алу не сатып алудан бас тарту туралы жазбаша хабарламамен қоса, тізімдеу актісі бойынша оларды уәкілетті органға өтеусіз беру арқылы мемлекеттік мүліктің құрамына түседі.
2017 жылдан бастап бұл функция жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алудын, сақтаудың, бағалаудын және одан әрі пайдаланудын кейбір мәселелері ҚР Үкіметінің 2002 жылдың 26 шілдедегі №833 қаулысы негізінде Жетісу облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікпен жұмыс істеу бөлімімен жүзеге асырылып келеді.
Сыйлықты уәкілетті органға берген адам жоғары тұрған лауазымды адамды хабардар ете отырып, оны «ҚР бағалау қызметі туралы» 2018 жылғы 10 қаңтардағы ҚР Заңына сәйкес айқындалған құн бойынша уәкілетті органмен жасалатын сатып алу-сату шарты негізінде сатып алуға құқылы. Сыйлықты тапсырған адам сатып алудан жазбаша бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган ол сыйлықты үшінші тұлғаларға өткізуге құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша республикалық бюджетке аударылады.
Әрбір мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатындағы іс-шаралар жоспарларлы атқарылуда. Десек те, бұл жемқорлықтың жолын түбегейлі тоқтатады дей алмаймыз. Оның жолын кесуге бағытталған заңнамаларға қарамастан қоғамдық өмірдің барлық саласында сыбайлас жемқорлықтың қаупі бар. Ол үшін жемқорлықпен күресті бұдан ары жандандырып, заң тұрғысынан да қатаңдату керек деп білемін.
Ең бастысы – адамдардың, қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы пікірін қалыптастырып, оның алдын алуға әрекет ету. Осы орайда сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу – мемлекеттік органдардың, қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы.
Алия Уалиева
Активтерді басқару бөлімінің басшысы




