АЛАКӨЛДЕГІ АВТОШЕРУ: РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 03.06.2022
Оқылды: 1297
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай шегара шебінде шаңырағын тіктеген Алакөл ауданында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Мұның барлығы жастардың патриоттық сезімдерін оятып, елін, жерін сүюге баулу және рәміздерге деген ерекше құрметті қалыптастыруға бағытталған.

Шаралардың шымылдығын аудан орталығы Үшарал қаласының басты көшелерімен жүріп өткен автошеру ашты. Аппақ "темір тұлпарларды" тізгіндеген азаматтар көк туымызды көтеріп, тұрғындарға өзгеше көңіл-күй сыйлады.

Көк тулы көліктер керуені Д. Қонаев атындағы орталық алаңға тоқтады. Бұл жерге де рәміздерімізді құрмет тұтар қала тұрғындары көптеп жиналды.

Сахна төріне көтеріліп, құттықтау сөз алған Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов: «Рәміздер – бұл еліміздің төлқұжаты, ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Ал осы құнды дүниемізді жас буын жеткіншектердің санасына сіңіріп, ұлттық тәрбиемен сусындатып, бойларына патриоттық сезімді ұялату басты міндет. Мемлекеттік рәміздеріміз еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы, сонымен қатар ұлтымыздың өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың көрінісі», – дей кел, ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай аталған құндылықтарымызды насихаттау мен патриоттық тәрбие беруде ерекше еңбегімен танылған ұжымдарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Құрметке ие болғандардың ішінде аудандық қазынашылық басқармасы, Үшарал орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі, Үшарал қалалық округінің әкімдігі, Үшарал №1 орта мектебі мен Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі болды.

Артынша жас белсенді, Қабанбай батыр атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Бек Қалибек жастардың атынан өздерінің жалынды ойларын білдірді.

Шара соңы мерекелік концертке ұласып, жиналғандар әуезді ән мен күмбірлі күйдің құшағында тербелді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ
Алакөл ауданы