Татулық пен достықтың мерекесі

Уақыты: 01.05.2024
Оқылды: 335
Бөлім: КҮНДЕРЕК

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде жылдағы дәстүр жаңғырып, талдықорғандықтар «Жастар» саябағына жиналды. Татулық пен достықтың мерекесіне орай жұршылық назарына көрме ұсынылды.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев салтанатты шараға қатысып, көрме тамашалады. Ал сахна төріне көтерілген Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Береке мен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың символына айналған бұл мерейлі мерекенің еліміз үшін маңызы ерекше. Тарих пен тағдыр табыстырған сандаған этнос өкілдері Талдықорған өңірін бүгінде өзінің алтын бесігі, киелі мекені санайды, осы қастерлі өлкеде өсіп-өніп, өркендеп отыр. Осы орайда халықтың біртұтастығы, еңбекқорлығы, азаматтық белсенділігі, тарихымызды тану мен дәстүрімізді дәріптеу, осыларды тірек етіп жастарымызды тәрбиелеу жаңа Қазақстанды құрудағы айқын ұстанымымызға айналуы тиіс, – деді.

Шаһар басшысы өз сөзінде «Ынтымақ түбі – игілік» деген қанатты сөзде үлкен мән жатқанын, ендігі кезекте ел бірлігін нығайтып, қаламыз бен мемлекетіміздің болашағы үшін еңбек ету керектігін баяндады. Сөз соңында су тасқынынан зардап шеккен айтмақтарға жөнелтіліп жатқан көмекті тілге тиек етіп, өңірдің еріктілері мен белсенді азаматтарына алғысын айтты.

Саябақтағы көрмеге әртүрлі әшекей бұйымдар, сурет, қонөнер туындылары қойылып, халықтың ұнаған затын сатып алуына мүмкіндік жасалды. Ал одан түскен қаржы су тасқыны болған өңірлерге жіберіледі.

Сонымен қатар салтанаты жарасқан жиында «Бірлік күні – береке» атты концерттік бағдарлама қойылды. «Талдықорған әуендері» халықтық, фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамбілінің, Данеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Горец», «Ачимноуль», «Солнышко», «Алтын дән», «Туған тел» сынды халықтық ән-би ансамбілдері әр ұлттың өзіне сай дәсүрін дәріптеп, берекесі келіскен, ынтымағы жарасқан халықтың достық пейілін паш етті.

Мәулен Әнербай
Cуретті түсірген Жеңіс Ысқабай