АЛЫПТАР САЙЫСЫ

Уақыты: 03.06.2022
Оқылды: 1674
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Панфилов ауданы, Жаркент қаласында бұрын соңды болмаған "Толағай" алыптар сайысы өтті. Ұлы Даланың батырларын насихаттауда, қазақтың этно-ойындарын дәріптеуде білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай, жүректі отыз толағай бас қосқан дүбірлі дода дүркіреп өтті.

Жарысты ұйымдастырушы, жобаның авторы облыстық бұқаралық спортты дамыту және насихаттау орталығы. Сонымен бәсекенің ашылу салтанатында Панфилов ауданының әкімі М. Сағымбеков, облыстық спорт басқармасының басшысы Н. Теңізбаев сөз сөйлеп, бәсекенің түңдігін түрді. Өз бағын сынап келген отыз толағай салмағы 10 келі тартатын найзаны қашықтықтан нысанаға  көздеп лақтырды. Келесі кезекте 141 келі ауыр тасты көтеріп, максималды қашықтыққа жүріп өтті. Одан кейін ұзын темірді майыстыру арқылы сынға түсіп, салмағы 100 келі тартатын бөренені отырып тұру бойынша шамасы жеткенше көтерді. Соңғы сайыста үстіне 500 келі жүк тиелген арбаны құмды жолда сүйреді. Додаға түскен алыптардың осалы жоқ. Барлығы өз күшін барынша сынап бақты. Әсіресе 141 кг тасты 44 метрге алып жүрген Райымбек ауданынан келген батырдың ұрпағына ешкім жете алмады.  Қастер есімді толағай 100 кг бөренені отыз рет көтеріп, мықтылығын паш етті. Арба сүйреуде де үздіктер көзге түсті. 

Сонымен барлық сында жоғары ұпай жинап, бірінші орынды бағындырған жаркенттік Дәурен Кауменовке жеңімпаз белбеуі мен 500 мың теңге сыйақы берілді. Күміс жүлдені талдықорғандық Ибрагим Берсанов (300 мың) иеленсе, үздік үштікті райымбектік Қастер Сарқытбек (300 мың) құрады.
Осылайша жазиралы Жаркент төрінде тұңғыш рет ұйымдастырылған “Толағай” алыптар аламаны жоғары деңгейде өтті.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Алматы облысы