«БОЛАР БАЛА БЕСІГІНДЕ БҰЛҚЫНАР»: ОЙЫ ЖҮЙРІК САНЖАР

Уақыты: 08.06.2022
Оқылды: 1103
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды елімізде "Балалар жылы" деп жариялады. Осыған орай біз  облысымыздағы талантты балаларды жазуды жөн көрдік. Қай саланы алып қарасақ та өзінің туа біткен дарынымен көзге түсіп, бойындағы ізгі қасиеттерін ұлттың іргелі істеріне жұмсап жүрген жастар жетіп артылады. Облысымызда да бесіктен белі шықпай жатып ерекше дарынымен танылып, жұртшылықты таңғалдырып жүргендер аз емес. Солардың бірі – таудай талабын ұштап, білім қуып, информатика пәнінен талай дүбірлі додаларда топ жарып жүрген Санжар Әуезханұлы. 

Талабына нұр жауған жүйрік ойлы Санжар асқар тау әкесі Әуезхан мен аяулы анасы Разияның сүт кенжесі. Асқар атты жалғыз ағасы бар. Отбасының кенжесі болғандықтан ба, Санжарды бала күнінен ата-анасы білім нәрімен сусындатуға тырысады. «Болар бала бесігінде бұлқынар» дегендей, ата-анасының айтуынша кейіпкеріміз былдырлаған балдырған шағынан алғыр, ізденімпаз, зерек болыпты. Дарынды дарабоз небәрі екі жаста әріп таниды. Мұнан соң үйдегілері оған әріптерді қосып оқуға баулиды. Кейіпкеріміз буынға бөліп оқуды лезде үйренеді. Бес жаста қазақша-орысша ертегі кітаптарын мүдірмей оқып, тілге жеңіл тақпақтар мен мақал-мәтелдерді жатқа айтатын болған. Ұлының талабын байқаған ата-анасы да ары қарай жетілдіру үшін бүлдіршінге көбірек көңіл бөліп, білімге қызықтыру үшін түрлі кітапшалар алып беріп, талабын шыңдауға тырысады. Санжар бала болып шаңға аунап, көбелек қуып, асық ойнамаса да қолынан кітабы түспепті. Шағын әңгімелер мен қиял-ғажайып ертегі кітаптарды бас көтермей оқыпты. Балабақшада жүрген кезінде қазақша-орысша кітап оқып жүріп, ағылшын тілін де меңгеріп алады.
 Бес жасында үш тіл білу екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Қатарынан озып туған, болашағынан үлкен үміт күттіретін Санжар нағыз тума талант! «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген даналық сөз бар. «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деген тәмсіл текке айтылмаса керек. Көп тілді меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас. Ал біздің мақаламызға арқау болған Санжар да көп тіл үйренуге ынталы. 
Білімқұмарлығымен көпті сүйсіндіріп, кітапты зуылдатып оқып жүрген дарын иесі жеті жасында Талдықорғандағы №9 мектептің табалдырығын аттайды. Жанар апайынан тәлім алған жас дарын мектепке барған жылдан бастап бағдарламасын өте жылдам меңгеріп алады. Әсіресе, математика сабағына жүйрік. Санжардың есеп шығару, логикалық ойлау қабілеті қатарластарынан жоғары болады. Соның нәтижесінде бірінші сыныптың өзінде көбейту кестесін жатқа айтыпты. Бастауыш сыныбында-ақ қара есептің қабырғасын қаусатып тұрып шығарып, жоғары сыныпта физика мен математиканың күрделі теңдеулерін шемішкеше шағады. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген дана сөзге сүйеніп, ұстаздар жас дарынның білімін шыңдап, өренді жастайынан баптап, келешегіне жол сілтеп, түрлі жарыстарға қатыстырды. Нәтижесінде озат оқушы түрлі сайыстарға қатысып, математика, информатика пәнінен түрлі сайыстарда оқ бойы оза шығып, мектебінің намысын қорғады. 
Озат оқушы 5-6-сыныпты дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінде оқиды. 6-сыныпты бітірген соң ата-анасы ақылдаса келе балаларын Назарбаев зияткерлік мектебіне алып барады. Жас талант емтиханнан сүрінбей өтіп, аталмыш білім ордасына оқуға түседі. Қазір «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» техниканың дамыған заманы болғандықтан анасы ұлына информатика сабағын тереңдетіп оқуды ұсынады. Сөйтіп 8-сыныптан бастап зерек оқушы информатика пәнінен күрделі оқу үйірмелеріне қатысады. Жас дарын шешімі қиын информатиканың есептеріне кезікті. Десе де жүйрік ойлы Санжар оларды да қас пен көздің арасында шешіп тастап жүрді. Үйірмеге алғаш барғаннан түрлі технологияларға қызығушылығы артып, аталмыш пәнді бірден іліп алып кетеді. 
Дарынды дарабоз білімқұмарлығы мен ізденімпаздығының арқасында үлкен жетістікке жете бастайды. Мақаламызға арқау болған кейіпкеріміздің ең ірі жеңісі 21 мемлекеттің кіл мықтылары қатысқан халықаралық О. Жәутіков олимпиадасынан еншілеген күміс жүлдесі. Осы жеңісінің арқасында алғыр бала КБТУ және астанадағы IT мектептеріне грант жеңіп алады. Сонымен қатар, өздерін болашақ жоғары оқу орнына дайындау, тәжірибе алмасу үшін АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық институтының жаздық бағдарламасына жолдама алады. Білімқұмар оқушы жазда таңдаған мамандығын тереңдетіп оқу үшін АҚШ-қа аттанбақ. Бүкіл әлем бойынша 80 оқушы ғана баратын тізімнің ішінде жерлесіміздің болуы үлкен жетістік. 
Сондай-ақ, ол былтыр Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында информатикадан өткен XIII Еуразиялық олимпиадасында, информатикадан республикалық Олимпиадада қола жүлдені қанжығасына байлайды. Осы жетістіктерінің арқасында 2021-2022 жылдары «Үздік оқушы» атанады. 
Сегіз қырлы, бір сырлы жас талант сабақпен бірге спортты да жанына серік етіп келеді. Бір ғана емес, бірнеше спортпен айналысады. Атап айтсақ, кейіпкеріміз джиу-джитсу, суға жүзу, дзюдо, футзалдан қалалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы. 
Парасатты перзент дара дарынымен бала кезден-ақ көптің көзайымына айналып, биік белестерді бағындыруда. Айналасын таңқалдырып жүрген оқушы мұнымен шектеліп қалмайды. Әлі де мұзарт шыңға шығу үшін еңбектеніп келеді.
 Бос уақытында есеп шығарып, түрлі кітап оқып, тіл меңгеруді алға қойған оқушының арманы асқақ. Айтар ойы мығым. Дарын мен қабілеті тасыған жанның ең басты арманы – мектепті үздік бітіріп, ата-анасының үмітін ақтау. Оқуды тамамдаған соң бағдарламашы болғысы келеді. Сайт, мобильдік қосымшалар жасағысы келеді. Әзірге бір парақшалы сайт пен  мобильдік қосымшалар жасап көріпті. Ендігі ойы бастаған жұмысын дамыту.

Бүгінгі заман білектің емес, білімнің заманы. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды. Ілім жолында айбыны асқақтаған жастарымыз барда болашағымыздың нұрлы болары анық. Олай болса біз де жүзден жүйрік талантты жасқа ізденіс пен жетістік тілейміз.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Алматы облысы