«ТАҢБАЛЫДА» 5000-ҒА ЖУЫҚ ПЕТРОГЛИФ БАР

Уақыты: 10.06.2022
Оқылды: 905
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміз егемендігін алып, бар-жоғымызды түгендей бастағалы да біраз жылдарды артта қалдырдық. Осы уақыт аралығында көңіл қуантар көптеген жақсы істер дүниге келді десем асырып айтқандық бола қоймас деп ойлаймын.

Сондай жақсы істердің бір парағы «Таңбалы» музей-қорығының қазіргі тыныс-тіршілігі. 2003  жылдың 14 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен құрылып, 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің ашық аспан астындағы аумағы 3800 гектарды құрайды. Аталған аумақта жартас бетіне салынған 5000-ға жуық петроглиф есепке алынған.
Келуші туристердің санын арттыру мақсатында түрлі жылжымалы көрмелер мен үгіт-насихат шаралары үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Елге келген төтенше індет – пандемия кезінде де қызметкерлеріміз қашықтан (онлайн) қызмет ұсыну арқылы, яғни цифрлық ақпарат құралдарын, инстаграм, фейсбук парақшаларын пайдалана отырып жүйелі жұмыс жүргізді. Құнды петроглифтерге ие музей ұжымы ғылыми іс-шараларды ұйымдастырудың да тиімді, пайдалы жолдарын, қарастыруда.
Қолда барды көпшілікке көрсету мен таныстыру бір мәселе болса, оны талапқа сай сақтау мен қорғау өз алдына бір мәселе. Осы істі күн тәртібінде ұстау біздің басты міндеттеріміздің бірегейі десем болатын шығар. Бұл тұрғыда еліміздегі жәдігерлерді зерттеу мен зерделеуге айтарлықтай үлес қосып жүрген, Қ. Алтынбеков мырза басқарып отырған «Остров Крым» орталығы ұжымының жұмысын атап өтуге болады. 
Қазіргі таңда осы орталықпен бірлесе отырып бүлінген тас беттерін қалпына келтіру жұмыстарын бастадық. 2020 жылдың күз айында қолданысқа берілген Сапар орталығынан арнайы орын бөліп, жартас беттерінің бүлінген жерлерін қалай қалпына келтіруге болады деген мақсатта жүйелі жұмыс жүргізудеміз.
Биылғы жылдың ақпан айының басында «Таңбалы» кешенінің ортаңғы аумағындағы бес топқа және қабірлерге маусымдық бақылау жұмыстары жүргізілді. Бақылау жоспары бойынша ескерткіштер мен ландшафтың және кешеннің ортаңғы  аумағындағы экскурсиялық маршруттардың қалыпты жағдайлары тексеріліп, ескерткіштерді қорғау мен сақтау жұмыстары бойынша қорық музейі құрылғанға дейінгі есептік деректер талқыланып, объектілердің қалыпты жағдайына фотофиксация жасалды.
Осы мәселелер бойынша «Таңбалы» музей-қорығының Сапар орталығында биылғы жылы жүргізілетін қайта қалпына келтіру және консервация жұмыстары бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Остров Крым» ғылыми-зерттеу зертханасының басшысы Қ. Алтынбеков, химик-реставратор  Л. Ф. Чарлина, тарих ғылымдарының кандидаты  А. Е. Рогожинский, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген туризм қызметкері Б. Оразымбетова, геология-минералогия ғылымының кандидаты С. Ниматова,  «ҚазҚайта жаңғырту» РМК сәулет тобының жетекшісі Л. Бейсембаева, химик-реставратор К. Иманбекова қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. 
Жиында «Таңбалы» кешенін абаттандыру, қалпына келтіру және консервация жұмыстары бойынша алдағы үш жылда атқарылатын жоспарлы іс-шаралар талқыланды. Иә, айтылған ой-пікірлер мен жоспар-мақсаттарды  өз деңгейінде атқарар болсақ, ұласса жетістікке жетер жолдамыз деп түйіндеуге де болатын сияқты.
2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жалпы құны 535 млн. теңгені құрайтын  «Таңбалы» қорық музейінің «Сапар орталығы» бой көтерді. 2020 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 8 млн. 753 мың теңгеге ғимараттың көрме залын музейлендіру жұмыстары жүргізіліп, сол жылдың қараша айында пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде жабдықталған жаңа орталық көрме залы, конференция залы, зертхана, кітапхана, кеңсе, келушілер үшін асхана және жатақханамен қамтылған. Сондай-ақ ғимарат сыртында ұлттық нақыштағы бес киіз үй, этноауыл бой көтерген. Сыртқы алаңы толығымен көгалдандырылып, келушілер үшін арнайы автотұрақ пен демалыс алаңқайлары салынған. 
Алдағы уақытта  жаңа технологияларды пайдалана отырып ғимаратты туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыратын заманауи үлгідегі орынға айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Тарихқа толы құт мекенімізді барынша әспеттеу бүгінгі ұрпақ үшін қастерлі парыз екені ешқашан естен шықпауы тиіс. 
Жаңа Қазақстанның жарқын бейнесін барынша паш ете білейік. Соған орай жұртшылықты тағылымға толы «Таңбалыны» тамашалауға шақырамын.

М. Әмірғалиев, 
«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және 
 музей қорығының директоры