ЖАЛҒАН ЖАЛАНЫҢ ҚҰРБАНЫ

Уақыты: 10.06.2022
Оқылды: 935
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

1931-1933 жылдары қазақ халқының аштыққа ұшырауында субъективті жағдайлар шешуші рөл атқарды. Халық тағдырына қатысты ондай қасіреттің болу себептерін ХІХ ғасырдың ортасында-ақ Шоқан Уәлиханов: «Қисынсыз теорияға немесе өзге халықтың өміріне негізделіп, зорлықпен, ырықсыз жасалған реформа адам баласын жойқын апатқа душар етіп келеді» деп тұжырымдады. 1929-1932 жылдарда көшпелі қазақ шаруаларын күшпен ұжымдастыру Шоқан айтқан кемеңгерлік ойдың нағыз айғағына айналды. Бар тіршілігі төрт түлікке тікелей байланысты қазақтың малын түгелдей колхозға алып, зорлықпен ұжымдастыру ашаршылыққа басты себеп болғаны талассыз нәрсе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Революциялық сілкіністерден көз ашпаған өткен ғасыр көшінен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйреп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды» – деп баға берді.
Мұндай зобалаң жылдардың қасіреті Балқаш ауданын да айналып өтпеді. Тарих бетінде айшықталып қалған «Ақкөл көтерілісі» осы сөзіміздің нақты дәлелі.
Зұлмат жылдардың құрбаны болған балқаштықтардың саны ресми мәліметтен едәуір көп. Олардың есімдері Тәуелсіздік жылдарының бедерінде ғана жарыққа шығып, мемлекет тарапынан ақталып жатқан жайы бар. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Бүгінгі таңда өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатыр. Құдайға шүкір, арыстай азаматтардың жазықсыз жапа шеккендерін архив құжаттамаларына сүйене отырып дәлелдеп, оларды ақтау жұмысы да мемлекет тарапынан қолға алынуда.
Жазықсыз жазаланып, тағдырдың тәлкегіне түскен арыстың бірі  жерлесіміз Мұса Құржықов та саналы ғұмырын ел мен жерді өркендетуге арнаған жан. Бала жасынан ауыр еңбекке білек сыбана кірісіп, ат жалын тартқан шағынан аудан көлемінде жауапты қызметтер атқарған Мұса атамыздың қиындыққа толы ғұмырына өмірдерегімен танысқанда көз жеткіздік.
Ертерек білім алып, сауатты азаматтардың қатарында Балқаш өңіріндегі бірнеше ауылда басшылық қызмет атқарып, халыққа жөн сілтеген Мұса Құржықов алдымен ауылдық  кеңестің хатшысы, ұжымшар басшысының орынбасары, кейін 1935 жылы Балқаш ауданының Қарой ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланады. 1936 жылы Балқаш аудандық партия комитетінің инспекторы болып қызмет атқарыпты.
Күллі КСРО-ны үрейде ұстаған Сталиннің қатыгез саясаты оның да отбасын айналып өтпеді. Шетінен қамауға алынып жатқан білімді, қолынан іс келетін зиялы азаматтардың кейбірі жаламен сотталып, енді бірі ату жазасына кесіліп жатты. Солардың қатарында ағайынды Мұса, Иса Құржықовтар да бар еді. Ойдан шығарылған жаламен 10 жылға бас бостандығынан айырылған Мұсаның жазасын өтеу орны өте құпия ұсталады. Кейіннен Ресейдің Тверь қаласының колониясына жіберілгені анықталды. Бұл жағдай інісі Мұстафаға өте ауыр тиіп, қайғы тұңғиығына батырады. Бір тәуірі, ешкімнің ала жібін аттамайтын Мұстафаға да түрлі жала тағылғанымен заң жүзінде айыптауға нақты дәлел табылмайды.
Кейін 1961 жылы Бақанас ауылында Мұсамен Ресейдегі бір колонияда болған қарияны кездестіреді. «Мұса өте еңбекқор еді. Жұмысты көп жасайтын. «Мұса-ау, күшіңді кішкене сақтасаңшы» десек те еш тынбай қимылдай беретін. Бір өзі екі кісінің нормасын орындап тастайтын қарулы кісі еді» – деп естелік айтқан әлгі кісінің Мыңарал ауылындағы мектепте директор болып қызмет істегенін, кабинетіне Сәкен Сейфуллиннің портретін іліп қойғаны үшін 10 жылға сотталғанын, кесілген мерзімді 1949 жылы толықтай өтеп, ауылға аман-есен оралғанын айтатын.
Жазықсыз жапа шегіп, жалған жаланың құрбаны болған Мұса Құржықовтан 1943 жылы келген соңғы хатта: «Көзім әудем жерді көрмейді, үш мезгіл бір қасықтан шошқаның майын береді» – деген сөздер бар. Ол кезде інісі Мұстафа әскерге алынып, сұрапыл соғыс өртіне шалынып жүрген еді.
Мұса атамыз КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығымен 1989 жылы 5 мамырда ақталды, жабылған жаладан арылды. Қазіргі кезде Мұсаның жерленген жерін анықтап, топырағын туған жерге әкелу мақсатындағы ауқымды жұмыстарды інісі Мұстафаның баласы Өмірбек қолға алып жатыр.
Халқына адал қызмет жасаған Мұса Құржықов жайлы көптеген дерек жойылған. Көзін көрген жан қалмаған. Тек замандастары айтқан әңгімелер ғана жетіп отыр. Сондай әңгімені айтушының бірі Қарой ауылының байырғы тұрғыны Берікбай Жебегенов қария.
Өмірбек Мұстафаұлының айтуымен Берікбай қарияға телефон соқтық. Ол кісі үлкендерден естіген әңгімесін былай сабақтады:
– Мұса Құржықов туралы үлкен кісілерден көп естідім. Өз басым ол кісінің көзін көргенім жоқ. Тек егістік басында үлкендер тарапынан айтылған аңызға бергісіз оқиғалар ойда қалыпты.
Біздің Қарой топырағында қызмет еткен жылдары Мұса Құржықов ауыл халқын егін егуге жұмылдырыпты. Әу баста егін егуге қолайлы, шұрайлы жерлерді таңдап, ол жерге су апаруды қолға алыпты. Сол жылдары ауыл халқы еккен егіннен мол өнім жинап, қамба астыққа толыпты. Ауыл халқын жұмылдырып, қазіргі тоғандардың сүрлемін қаздырған Мұса ағамыз екен. Ең өкініштісі, ол кісі ұзақ уақыт басшылықта болмапты. Жазықсыздан жазықсыз «аудан басшысымен сыбайлассың» деген жаламен темір торға тоғытылыпты. Міне, алдыңғы ағалардың аузынан естігенім осы ғана. Одан кейінгі өмірінен бейхабармын. Тар жол, тайғақ заманда еңбектің қара қазанында қайнаған, елі мен жеріне жанашыр болған осынау азаматтың еңбегінің өз мәнінде еленбей жатқаны жаныма батады.
Жүрекке ауыр тиетіні – репрессия құрбаны болған Мұса Құржықовтан ұрпақ қалмады. Дегенмен інісі Мұстафадан тараған ұрпақ бүгінде бір қауым елге айналып отыр. Мұстафаның ұлы Өмірбек жарты ғасырдай уақыт көлемінде банк саласында лауазымды қызметтер атқарып, «Қазақстан Республикасы банк саласының еңбек сіңірген қызметкері» атанған жан. Дәния Мұстафақызы қырық жылдан аса уақыт мерзімде оқу-ағарту саласында басшылық қызмет атқарып, ұстаз деген ұлы ұғымның биігінен көрінді.
Сталиндік Саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналған Мұса Құржықов жайындағы зерттеулер, мақалалар алдағы уақытта жазылады. Ол үшін архивтің шаң басқан құжаттарын ақтаруға тура келеді. Архивтердегі құпия құжаттармен танысып, оны жарыққа шығару, әділетті тұрғыдан баға беру, халқымыздың рухани қажетіне жарату төл тарихымыздың алдында тұрған асқаралы міндет.

Күмісбек ЕРБАЕВ
Балқаш ауданы