ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КӨРСЕТКЕН ҚОЛДАУЫ

Уақыты: 08.06.2022
Оқылды: 1198
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасы жайылымдарының көлемі бойынша әлемде Австралия, Аргентина, Бразилия, АҚШ-тан кейін бесінші орында және 187 млн. гектарды алып жатыр. Бұл аумақтың жыл сайынғы жаңартылатын жемшөп ресурсы шамамен 28 миллион тонна азықтық бірлікті құрайды, бұл қоректілігі бойынша  1 миллиард пұт астықпен тең.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша бұл жем қоры 1,2 миллиард АҚШ долларына бағаланады. Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы жануарларының жемшөп балансына республика бойынша орта есеппен жайылымдық азықтың  кемінде 50% тиесілі, ал кейбір аймақтарда одан да көп.
Алайда бұл ұлттық байлыққа қауіп төніп тұр.
Ғалымдар мен практиктердің пікірінше, жайылымдардағы барлық жағымсыз көріністердің негізгі себебі жайылымдық жерлерді басқару негіздерін анықтайтын және жердің осы санатына климаттық, антропогендік, техникалық және басқа да әсер етумен байланысты ықтимал тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік беретін нормативтік және құқықтық базаның жетілмегендігінде.
“Қазақстан – 2050 Стратегиясы” бағдарламасының маңызды міндеттерінің бірі жайылымдық мал шаруашылығын қалпына келтіру және экологиялық таза тамақ өнімдерін өндіру болып табылады. Жайылымдық мал шаруашылығын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев ҚР Үкіметіне 10 жыл ішінде қосымша 50 млн. гектар жайылымды айналымға енгізуді тапсырды. Бұл жайылымдарды ауылшаруашылығы айналымына тарту мәселесі жүйелі және кешенді тәсілді, ең алдымен, заңнаманы жетілдіруді және өзара байланысты басқа да проблемаларды шешуді талап етеді.
Құқықтық құралдардан басқа әлеуметтік-тұрмыстық, ветеринарлық, мәдени-ағарту, білім беру, басқару және экономикалық құрамдас элементтер, мемлекеттік қолдау шаралары және шалғайдағы мал шаруашылығы қызметкерлеріне жеңілдіктер бар. 
Қазіргі уақытта республиканың жайылым шаруашылығында нақты қалыптасқан жағдайды негізге ала отырып, мынадай проблемалар бірінші кезекте шешуді талап етеді:
1) елді мекендердің айналасында жайылымдардың іркілісін (тозуын) оқшаулау;
2) шалғайдағы жайылымдарды ғылыми негізде пайдалану және экологиялық таза мал шаруашылығы өнімін алу үшін олардың мүмкіндіктерін пайдалану;
3) табиғи (жайылымдық) ресурстарды тиімді пайдалану.
Осы проблемаларды, жайылымдарды кезең-кезеңімен игерудің стратегиялық мәселесін тиімді шешу үшін жайылым ресурстарын басқару жөніндегі бірқатар пилоттық жобаларды іске асыру қажет.
Еуропалық Одақ «Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім» шеңберінде азаматтық қоғамның жайылымдық жерлерді тұрақты пайдалануға бағытталған күш-жігерін қолдайды.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында 2022 жылғы 18 мамырда Еуропалық Одақ қаржыландыратын «ЖАЙЫЛЫМ – Еңбекшіқазақ ауданының жайылымдарын тұрақты пайдаланудағы көпжақты әріптестік және инновациялар» жобасын іске қосу бойынша конференция өтті. 
Жоба Еңбекшіқазақ ауданында жайылымдық жерлер мен жайылымдық мал шаруашылығын пайдаланудың тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Жоба шеңберінде оқыту жүргізіледі, экономика және мал шаруашылығын ұйымдастыру мәселелері бойынша техникалық қолдау көрсетіледі, климаттың өзгеруінен туындаған тәуекелдердің және оған бейімделу мүмкіндіктерінің алдын алады. Бұдан басқа, жоба шеңберінде жайылымдарды орнықты басқару мен пайдалану жөніндегі аудандық Үйлестіру кеңесі және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті нығайтуға және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға ықпал ететін бес пилоттық ауылдық округте (Ақши, Ассы, Қаражота, Қырбалтабай және Сөгеті) Жайылым пайдаланушылардың бірлестіктері құрылатын болады. Жоба шеңберінде сарапшылар жайылымдарды тұрақты басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеп, іске асыратын болады және Сөгеті ауылдық округінде жайылымдық жерлерді басқарудың пилоттық компьютерлік жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ жайылымдық мал шаруашылығының экологиялық және экономикалық тұрақтылығын арттыру бойынша жайылым пайдаланушылардың 6 жобасы іске асырылады.
Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі жоба идеясын қолдап, аудан аумағында жобалық қызметті жүзеге асыруға көмек көрсетуге ниет білдірді.
Жобаның негізгі нысаналы топтары: ұсақ мал өсіруші-фермерлер, азаматтық қоғам ұйымдары, ауылшаруашылығы өндірушілері мен қызмет көрсету ұйымдарының бірлестіктері, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, 6 қазақ жоғары оқу орындары мен ҒЗИ оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ халықтың осал топтары – жастар, әйелдер, жұмыссыздар болып табылады.
ЕО-ның Қазақстандағы Өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбек Мадсен ЕО-ның «Жасыл бағыты», климаттық өзгерістердің алдын алу мақсатында ресурстарды тиімді экономика құруға бағытталған өсудің жаңа стратегиясы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім» шеңберінде ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Сапар барысында Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің делегациясы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығымен айналысатын екі шаруа қожалығына барды. 
Жобаны “FELCOS-Umbria” қауымдастығы (Италия), Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, «Қазақстан Агросоюзы» республикалық ауыл- шаруашылығы кооперативтері қауымдастығы, «Қазақстан фермері» шаруа қожалықтарын қолдау Қоғамдық қоры, “ILS-Leda” жергілікті даму агенттіктерінің халықаралық желісі (Италия) кірген халықаралық консорциум іске асыруда, IsMed-CNR Ұлттық зерттеу кеңесінің (Италия) белсенділігі басым.

 Н. ДОДАБАЙҰЛЫ