"РЕФЕРЕНДУМ-2022": ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

Уақыты: 06.06.2022
Оқылды: 1315
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Референдум деп аталған саяси шара бәрімізді толғандырды. Оған қатысу арқылы Қазақстанның жаңаруына үлес қосатынымызды білдік. Сондықтан үлкен үмітпен, таза ниетпен ертелеп тұрып Есік қаласындағы Р. Тоқатаев мектебінде орналасқан  сайлау учаскесіне аяңдадым.
Мұнда дауыс беруге келгендердің қарасы аз емес екен. Үлкен мақсатқа арнайы көңіл бөлген азаматтардың ұйымшылдығына ішім жылыды. Қазақ сындарлы сәттерде осылай бірігуі керек қой.
Сөйтіп, бюллетеньдегі «Иә» деген тұсқа белгі соғып, оны жәшіктегі дауыстарға қостым. Бүгін ертеңгілік референдумның  республика бойынша қалай өткенінің қорытындысын естіп марқайып отырмын. Ата Заңға енетін толықтырулар мен өзгерістерді саяси шараға қатысқандардың 70 пайыздан астамы қолдапты.
Біз үлкен күшке айналдық! Енді елді басқару тетіктерін реформалау үдерістері ойдағыдай басталады. Халық күткен жаңалықтарға қадам басатын боламыз. Қоғам жаңа шекпенін киіп жарқырап, әлеумет армандаған игілікті жұмыстар жүзеге асады деп ойлаймын. Әлемдік өркениетке бет бұрып, демократия салған жолмен кедергісіз жүріп, жетістіктерді қамтамасыз етеміз. Менің бұл болжамдарым нақты шындыққа айналады деп сенемін. Өйткені, оның алғышартына сіз бен біз өз қолымызбен үлес қосу мүмкіндігіне араластық.
Халқымызда «Бұлақ көрсең көзін аш» деген мақал бар. Ата-бабамыз әрбір жаңа қадамның бастауын осындай теңеумен суреттеген. Ендеше, дамудың жаңа көздері ашылатын кез келді.
Оның атауы – Сәттілік! 

Гүлнар ЖОШЫБАЕВА,
ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі,
Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы