БИЫЛ АЛАКӨЛГЕ 1,5 МИЛЛИОН ТУРИСТ КЕЛЕДІ ДЕП КҮТІЛУДЕ

Уақыты: 08.06.2022
Оқылды: 1421
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биыл Алакөлге 1,5 миллион демалушы келіп, аудан экономикасына 9 млрд. теңге қаржы түседі деп күтілуде. Дегенмен, үйге келген бір қонақты жолға салу үшін біраз дайындалатынымызды ескерсек, 1,5 миллион адамды  лайықты қарсы алып, ризалықпен аттандыру үшін де көп еңбек керек. Алайда, оған алакөлдіктер сақадай сай көрінеді.
Бүгінде Алакөл демалыс аймағында күніне 23566 туриске қызмет көрсететін 278 демалыс орны бар. Сонымен қатар, былтыр өз қаражаты есебінен 750 орынды 14 нысан қолданысқа беріліп, аудан экономикасына 2,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде  демалушылардың саны 1 млн. 407 мың адамға жетіп, 8 млрд. 437 млн. теңгенің қызметі көрсетілген. Осыған қарап салыстырмалы түрде биыл алға қойған жоспардың орындалатынына күмәнсіз сенуге болады. 
Адамдар демалысқа жайлы жерді таңдайды. Сондықтан Алакөлдің туристік әлеуетін жақсарту үшін әлі де бірталай қызмет атқарған жөн. Әсіресе, демалушыларды таза ауызсумен қамтамасыз етуді естен шығармау керек. Осы мақсатта бүгінде құны 7,2 млрд.теңгені құрайтын қуаттылығы 6,5 мың текше метр кәріз тазарту нысанының құрылысы басталған. Келесі кезекте қонақтарды жиі толғандыратыны – автокөлік жолы. Жалпы, аудан аумағында республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 1448,3 шақырым автокөлік жолы қолданыста. Бірнеше жылдан бері аудан аумағынан өтетін Алматы – Өскемен автокөлік жолының 466-615 шақырымы қайта салынуда. Бүгінде осы аумақтың 128 шақырымы пайдалануға берілгенімен, 21 шақырымында «Ситик констракшн» компаниясының 3, 4, 5 учаскесі қызу жұмыс жүргізуде. Өкінішке қарай, құрылыс материалдарының қымбаттауы, жаңғырту жұмысына әзірленген сметалық құжаттаманың қайта есептелуіне байланысты жұмыс уақытша тоқтап тұр. Жобаны аяқтау қазан айына жоспарланып отыр. Ал Үшарал – Достық автокөлік жолының 0-60 шақырым аралығына асфальт төсеу жұмысының 90 пайызы орындалған. Үшарал – Достық бағытындағы 60-180 шақырым аралығындағы автожолдың  87 шақырымы ғана пайдалануға  беріліп, қалған бөлігі тоқтап тұр. Демек, жолдың нашарлығы туристердің қызығушылығын төмендетуі де мүмкін.
Осыған орай алакөлдіктер қара жолдың қиындығын көп көретін туристерді теміржол және әуе рейстері арқылы тасымалдауға да барынша назар аударуда. Осы мақсатта Алма ты – Достық бағытында «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның билет құны қолжетімді 12 «Тальго» вагоны қатынайды. 
Көл жағалауында туристерге қолайлы жағдай жасау, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында волейбол, футбол жағажай спорт алаңдары мен 10 гектарды құрайтын «Тәуелсіздік» саябағы салынып, туристерге қызмет етпек. Сондай-ақ, спорттық шаралар арқылы туристердің назарын аудару үшін 11-12 маусым аралығында   триатлоннан республикалық чемпионат,  «Алакөл – 2022» жазғы спартакиадасы, жағажай волейболы, футбол,  бильярд турнирі, республикалық «Алакөл алаулары» жайдарман ойындары,   «Alakol Open» блогерлер мен журналистер слеті    жоспарлануда.  
Осындай  шаралар Алакөлдің туристік әлеуетін жақсартып, қызмет көрсету сапасын арттыра түседі деген үміт бар.

Қажет АНДАС,
Алматы облысы