Президент референдум қорытындысы бойынша халыққа үндеу жасады

Уақыты: 08.06.2022
Оқылды: 1212
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған үндеуі

Құрметті отандастар! 

Кеше елімізде айрықша мəні бар тарихи оқиға болды. Мем- лекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық жəне отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мəжбүрлік болған жоқ. Референдум нəтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты жəне отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Əділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ конституциялық өзгерістердің мəн-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымға алғыс айтамын. 
Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бəріне алғыс айтамын. 
Сіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дəйекті дамуына зор үлес қостыңыздар. Еліміз үшін осы бетбұрысты сəтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығымды білдіремін. 
Ата Заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дəйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кəсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді. 
Енді біздің алдымызда ашық əрі əділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кəсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бəсекелестікті күшейтуіміз керек. 
Алдымызда экономиканы шынайы əртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауылшаруашылығы мен қуатты көлік логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. 

Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші еңбек, білім жəне азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Бұндай экономика кірісті əділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыруға жəне барлық азаматтың толыққанды жетілуіне мүмкіндік береді. 
Мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасады. Біз қоғамның барлық өкілінің талап тілектеріне жауап беретін озық мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі жұмыстың барысымен емес, түпкі нəтижемен өлшенетін болады. 
Мемлекеттік аппарат бизнеспен, үкіметтік емес ұйымдармен жəне азаматтармен тығыз жұмыс істеуге баса назар аударуға тиіс. Сол арқылы ел мүддесіне сай тиімді шешімдер қабылданып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түседі. 
Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дəулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз. Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай Заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау жəне сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар əзірленуге тиіс. Мұны əлемдік тəжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн. 
Біз қоғамның жəне бизнес өкіл­дерінің өз құқықтары мен заң­­ды мүд­делерін қорғауға сұранысы арта түскенін көріп отырмыз. Елімізге азаматтар мен кəсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін жəне күмəн туғызатын нормалардың бəрі күшін жоюға тиіс. 
Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет. 
Елден жылыстатылған қаржыны жəне заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін мен арнайы Жарлыққа қол қойдым. 
Біз адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарымызды жалғастыра береміз. Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулыларына жедел əрекет ету тетігін енгізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайдасын сезіне алады. Жаңа, Əділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау жəне сот жүйесінің шын мəнінде өзгергенін қалайды. 
Мен елімізді дамытудың осы жəне басқа да мəселелері бойынша нақты шешімдерді қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясының ашылуын да айтамын. 
Қастерлі Тəуелсіздігімізді, ел бірлігін жəне қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бəрін Жаңа, Əділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мəселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дəстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді əрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мəнінде, еліміздің тағдыры – əрқайсымыздың қолымызда. 
Біз қоғамдық жəне жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Əрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уəде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бəрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш жігерімді саламын. 
Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дəуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. 
Елімізді дамыту үшін əлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кəміл сенемін. Бүгін тəуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дəуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз əрдайым бекем болсын!
 Жаңа Қазақстанды бəріміз бірге өркендетейік, ағайын!