КӨПБАЛАЛЫ КӘСІПКЕР ТІГІН ЦЕХЫН АШПАҚ

Уақыты: 08.06.2022
Оқылды: 1155
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көпбалалы кәсіпкер Қымбат Қасейін балама тігін цехын ашуды жоспарлап отыр. Онда көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар әйелдер және жастар жұмыс істейтін болады. 
Қымбат – мамандығы бойынша дизайнер. Бала кезінен сурет салып, сызба сызуды жақсы көрген. Әртүрлі көйлектің эскизін салатын. Колледжді аяқтаған соң киімдер мен ұлттық бұйымдар тігумен айналысты. Сонымен бірге сауда және ауылшаруашылығы саласында да өзін сынап көрді. Соңғы жылдары үйде отырып түрлі киім тігіп, сатты. Биылғы наурыз айында облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына жүгініп, бизнесті ілгерілету жөнінде көмек пен кеңес алды. Кәсіпкер келіншек енді өңірлік іскер әйелдер кеңесімен серіктестікте    4 елді мекенде тігін цехын ашуға ниетті. 
– Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы мен облыстық іскер әйелдер кеңесінің, сондай-ақ әкімдіктердің қолдауымен таяуда Текелі қаласы мен Қапал, Жансүгір және Балпық би ауылдарында тігін цехы іске қосылады. Біздің мақсатымыз әйелдерді жұмыспен қамтып, қолдау көрсету. Бүгінде отандық киім мен аяқкиімге, ұлттық киімдер мен тоқыма бұйымдарына сұраныс жоғары. Десек те, қазақ-стандықтар Қырғызстаннан тоқыма бұйымдарын сатып алуға мәжбүр. Сондықтан біздің жобамыз Бішкек өнімдеріне балама болады. Өнімдерімізді әзірге облыста, алдағы уақытта өзге де аймақтар мен жақын шетелдерге шығару ойда бар, – дейді Қымбат Қасейін. 
Өңірлерде ашылатын тігін цехтары еліміздің жеңіл өнеркәсібінің дамуына үлес қосатын болады және 95 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы арқылы тігін ісіне оқыту және білікті кадрлар даярлау жоспарлануда. 

 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ