ДИМЕКЕҢНЕН БАТА АЛҒАН

Уақыты: 09.06.2022
Оқылды: 995
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілгенде Ақсу ауданының Қапал ауылында тұратын Тахир Мүліков ерекше қуанды.

– Қазақстанның өркендеуіне елеулі үлес қосқан әйгілі тұлғаның сүйікті демалыс орнының бірі Қапал-Арасан курорты болатын, – деп еске алады сол күндерді Тахирдің әкесі, аймаққа белгілі дәрігер Гариф Мүліков. – Мен ол кезде Автомобиль жолдары министрлігіне қарайтын Ақсу-Арасан шипажайының директоры едім.
Гариф Әминұлының айтуынша, Қапал-Арасанның қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген Дінмұхамед Қонаев 1992 жылы шипайжайға арнайы келіп демалады. Ол тұста курорт жыл бойы келушілерден босамайтын. Алматы мен Талдықорғаннан шипажайға күнделікті автобус қатынайтын.
– Бір күні демалушылардың ортасында отырған Дінмұхамед Ахметұлын көріп қалдым, – дейді кейіпкер. – Адамдар сиреген кезде белгілі тұлғаның жанына бардым. Амандасып болған соң кіші ұлым Тахирдің бір жасқа толуына орай тұсаукесер жасағалы жатқанымызды жеткіздім. Біресе қызарып, біресе бозарып жатып, әупіріммен тойға шақырдым. Баратынын айтып, тойдың уақытын сұрағанда таңданысым мен қуанышымда шек болмады.
Тұсаукесер тойдың жауапкершілігін сезінген Гариф Әминұлы не істерін білмей абдырап қалады. Өзінің ата-анасы бақилық болып кеткендіктен, жақын досы Бақытжан Жұмағұловтың анасы Кенжетай Батырбекқызынан ақыл сұрайды.
– Ол кісі менің екінші анам еді, әрқашан «балам» деп отыратын, – дейді толқынысын жасыра алмаған Гариф Әминұлы. – Ауыра қалса: «Басқа дәрігер керек емес. Балам Гарифті шақырыңдар, мені қалай емдеуді сол жақсы біледі», – деп отыратын...
Өмірлік тәжірибесі мол Кенжетай Батырбекқызының ақыл-кеңесімен өткен тұсаукесер тойы жұрт көңілінен шығады. Тойдың соңында көпшілікпен естелік суретке түскен Дінмұхамед Ахметұлы бір жасар Тахирді көтеріп тұрады. Қайраткер тұлғаның суреті (жоғары суретте) содан бері Мүліковтер отбасының қастерлі затына айналған.
«Жақсыдан – шарапат» демекші, өмірлік жолы ойдағыдай қалыптасқан Тахир Қазақ аграрлық университетін бітірген соң туған ауылына дипломмен бірге келін әкеліп, ағайынды қуанышқа бөлейді. Жас отбасының бүгінде Найля атты қызы мен Хайдар есімді ұлы бар. Келіншегі Мадина – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (төменгі суретте).
Дінмұхамед Ахметұлының ықыласына бөленіп, батасын алған Тахирдің өмір жолы осылай сәтті өрілді.

Қабдрахман НАУРЫЗБАЕВ
Қапал ауылы,
Ақсу ауданы