СПОРТ МЕКТЕБІНЕ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫНЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 09.06.2022
Оқылды: 1025
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

  Талдықорған қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжге грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Әлем, Олимпиада чемпионы, ҚР Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровтың есімі берілді.

Талай мықтылардың томағасын сыпырған чемпиондар ұстаханасы енді «Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт интернаты» деп аталады. Бұл сүйінші хабарды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев жеткізді.

– Жақсылық ағамыз әлемге әйгілі адам. Ол кісі тек спортшы емес, қоғам қайраткері болды. Өкінішке қарай осыдан екі жыл бұрын пандемия кезінде өмірден өткен еді. Біз сол күннен бастап Жақсылық Үшкемпіровтың есімін Талдықорған қаласындағы спорт итернатқа беруге ұсыныс жасадық. Міне, сол жұмысымыздың нәтижесі келіп жетті. Біз өте қуаныштымыз. Аталған мектептен түлеп ұшқан болашақ чемпиондар Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт интернаттың түлегімін деп мақтанышпен айтатынына сенімдімін,–деп атап өтті.

Бұл барша Қазақ халқы үшін жағымды жаңалық. Жетісу жеріндегі Жақсылық Үшкемпіров есіміміен аталатын спорт мектебінен чемпионның ізін жалғайтындар шығатыны сөзсіз.

 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Алматы облысы