ҰЛ АТАДАН, ҚЫЗ АНАДАН АЙЫРЫЛДЫ: БОСҚЫНДЫҚ АҚИҚАТЫ

Уақыты: 10.06.2022
Оқылды: 1091
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін тануда оқырманға ең бір көмескі жағы – босқындық мәселесі. Бүгінде «Қытай ауып кетіп, босқын болыпты» деген сөзді жиі естиміз. Өкінішке қарай, осы мәселе түбегейлі зерттеліп, халыққа егжей-тегжейлі түсіндірілмеді. Тіпті, қанша адамның шетелге босып кеткені, қаншасы өліп, қаншасы қайта оралғаны, қаншасы сол жақта қалып қойғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақтардың ауыр жағдайы жайлы «Қазақ»  газетінде  жазылған мақалаларды оқысаң, төбе шашың тік тұрады.

Сол газет түптемесінің №248 санында Пішбек, Преживальск, Жаркент, Алматы уездерінен 238795 жан саны бар 43 ұлыстан 201205 адам Қытайға қашып, оның 95200-і жолда қаза тапқаны айтылады. Осыған қарағанда босқан елдің жартысынан астамы қырылып қалған. Бұл жерде Торғай, Ырғыз, Семей, Лепсі көтерілістеріндегі қашқан, қырылған адамдардың санағы жүргізілмеген. Сол тұста  Жаркент уезіне қараған Мерке, Торайғыр, Байынқол, Иванов һәм Әділбек болыстарының адамдары «Қазақ» газетіне:  Ол хат «Қазақ» газетінің  №248 санында «Босқын қырғыз-қазақтар» деген атпен жарияланады. Онда:  «Жаркент уезіне қараған 14 болыс елдің көбі Қытай жеріне босып бардық. Мал-мүліктерімізді қытай-қалмақ талап алды. ...Жолда қаншамыз қырғын таптық. Ұл атадан, қыз анадан айырылды. Басымызға қиямет күні туды. Мысалы, Мерке болысында 1169 үй бар еді, соның осы күні 310-ы ғана қалды. Өзгесінің қайда екенін білмейміз, әрине, қырылды ғой. ...Енді қайтеміз?! Қырыламыз да! Осы уақытта дүние жүзінде біздей қор болған ел жоқ шығар», – деп хат жазады. Ал «Қазақ» газетінің №231 нөмірінде «А. Найман Қожа баласы» деген атпен жарияланған мақалада босқан қырғыздардың аштықтан, суықтан топалаң тиген қойдай қырылып жатқаны, өлгенін көмуге де халдері келмегені айтылады. Демек, бұл жақтан орыс әсерлерінің қызыл қырғынынан аман-есен арғы бетке өткен ел ол жақта да қорлық пен зорлықтың неше түрін басынан өткерді.

Бұл кезде билігі ғасырларға созылған Цин династиясы өмір сүруін тоқтатып, Қытайдың орталық билігінде алмағайып күндер туып тұрған еді. Қырғыз-қазақтың босқыншылық дүрбелеңі осыған тұспа-тұс келді. Шыңжаң өлкесінің генерал-губернаторы болған Яң Зыңшиннің «Өткен жазбалардың толықтамасы» кітабында 1916 жылға қатысты 16 құжат сақталған. Ол құжаттарда шекара аспақ болған қазақтардың мал-мүлкін орыс әскерінің талан-таражы қылғаны және көптеген адамды атып өлтіргендігі айтылады. Тіпті, Ресей билігі Қытай билігіне ауған елді тұтасымен қайтарып беру туралы да қысым жасайды.

Демек, арғы бетке өткен елдің де маңдайы шылқыған жоқ. Осындай қиын-қыстау кезеңде, яғни, 1916 жылы IV думаның ісі басталар тұста Әлихан Бөкейханов Петроградқа аттанады. Ондағы мақсаты – жазалаушылардың айуандығы туралы жиналған деректер бойынша депутаттардан сауға сұрау  еді. Қазақстандағы демократтар осындай әрекет істеп жатқан тұста Қытайдағы мұсылман бауырлар ауған елді аман сақтап қалудың жолын қарастыра бастайды. Бұл жайлы да «Қазақ» газеті мүмкіндігінше жазып қалдыруды мақсат еткені газет бетіндегі мақалалардан көрініп тұр.

Сол мақалалардың бірінде Құлжа қаласы атқару комитетінің төрағасы Ювашев мұсылмандар тұратын қалаларға хабар беріп, нәтижесінде Алматы қазақтарының комитеті «Уақыт» басқармасы, Ырғыз уезі комитеті, Ақтөбе мұсылмандары бюросы, Семей мұсылмандары комитеті, Құлжа мұсылмандары, сондай-ақ Түркістаннан Нәсіров, Омбы имамы Пономарев, Тройцкіден Яушев, барлығы 14716 сом қаржы жинап, аштан қырылып жатқан қырғыздар мен қазақтарға көмек көрсеткені айтылады.

Осы тұста 1917 жылдың 2-5 тамыз аралығында Ташкент қаласында Түркістан аймағындағы қазақ, қырғыз съезі өтеді. Сол жиынның Жетісу мәселесіне қатысты қабылдаған қаулысы "Бірлік туы" газетіннің 1917 жылдың 20 тамызындағы  №6 санында жарық көреді. Ол «Жетісудағы оқиғалар» деген тақырыппен беріліпті. Сол съезде: «Аймақтағы облыстардың бәpi де Жетісуда ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ-қырғызға тездеп шын жәрдем беруін жиылыс ұнатады. "Бірлік туы" газеті арқылы Сырдария, Самарқан һәм Ферғана облыстарындағы қазақ-қырғыз комитеттерінде Жетісу қазақ-қырғыздарына жәрдем пұл жиылсын» деген қаулы қабылданады. Бұл іске Құлжа мұсылмандары да барынша ынта танытады. Ол жайлы да «Қазақ» газетінің кезекті санында жазылған. Ал «Қазақ» газетінің №233 санында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейдәлім Кәдірбаев, Аман Әлімбеков, Жанұзақ Жаныбеков, Ахмет Мәметов, Елдес  Ғұмаров бастаған қазақ зиялыларының босқын қазақ-қырғыздарға көмек көрсетуі туралы «Алаш азаматтарына хат» деген мақаласы басылып, осы бір игілікті іске қозғау салады. Сондай-ақ, қаламгер Жүсіпбек Аймауытов «Қазақ» газетіне «Оян, қазақ!» (Босқын қырғыз бауырларыма арнау!) атты мақала жазып, сақтаулы тұрған мың дана «Оян, қазақ!» кітабын сатып, одан түскен қаржыны Қытай асқан қазақ-қырғызға қолдан келер көмегін жасамақ болған азаматтық ниетін білдіреді.

«Қазақ» газетінің №236 санында бір қырғыз азаматының хаты басылды. Сонда: «Өлім халында қолымызды бұлғап, көзімізбен ишара қылып жәрдем сұраймыз» деп бүкіл қырғыз атынан қазақ туғандарына мұң шағады. Ал №237 санында Жетісу қамы үшін 15 шілде Орынбор арқылы Жетісу комиссары Мұхаметжан Тынышбаев Петроградқа барғаны туралы: «Мұхаметжан үкіметке Жетісу облысының хал-жайын доклад қылып, 25 маусым жарлығы тақырыпты бүліншілікке ұшыраған қазақ-қырғызға һәм орыстарға қазынадан жәрдем сұрамақ. Сөйтіп бірін-бірі қырғынға ұшыратқан һәм бұл күнге шейін бір-біріне кек сақтап, іштеріне қан қатқан екі жұртты татуластыру қамына кіріспек», – деп жазылған.

Осындай аласапыран болып жатқанда Семейде Жетісу облысындағы босқын қазақ-қырғызға көмек комитеті құрылады. Осыдан бастап ел ішіндегі белсенді азаматтар мейлінше көмек көрсетуге тырысады.

Осы оқиға баспасөз бетіне жазылып, дабыл көтеріліп, босқындарға жәрдем беру ісі ақыры өкіметтің назарын аударады. Нәтижесінде, 1917 жылы уақытша үкіметтің көзқарасы өзгеріп, ел іші біраз тынышталады. Уақытша үкіметті алқымынан алған большевиктер патшалық үкімет ұстанымдарынан өзгешелеу шешім қабылдауға мәжбүр етті. Сонымен, уақытша үкіметтің 1917 жылғы 7 қыркүйектегі Жарлығымен мемлекеттік қазынадан Түркістан комитетіне 11150000 рубль бөлініп, Жетісу облысының халқына қайтарымсыз көмек ретінде таратылды. Бұл қаржы сол жылдары елге қайтқан адамдардың жыртығына сәл де болса жамау болғандай болды. Сол 1917 жылдары елге тек босқан елдің тең жартысы ғана оралғанын ескерсек, арғы беттегілер сол баяғы қиыншылық қыспағында қала берді. Олардың ұрпақтары араға бір ғасыр салып барып, еліміз тәуелсіздік алған тұста елге орала бастады.

Қажет АНДАС