ҚОНАЕВТА 10 ҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 10.06.2022
Оқылды: 903
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

8 маусымнан бастап Президенттің жаңадан үш облыс құру туралы Жарлығы күшіне енді. Соған сай халқының саны 2 миллионнан асқан, алып жатқан аумағы аса ауқымды Алматы облысынан орталығы Талдықорған қаласы болып Жетісу облысы бөлініп шықты. Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы атанды.

Қазіргі кезде қаланың әкімшілік басқару аумағындағы Шеңгелді және Заречный ауылдарында тұратындарды қоса алғанда Қонаевта 62 мың халық тұрады. Облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін шаһардағы тұрғындар саны 200 мыңға дейін өсуі мүмкін деген батыл болжам бар. Соған сай қаланың Бас жоспарына түзетулер енгізіледі. Жасанды теңіз жағасындағы қала болашақта қанатын кеңге жайып, дамиды. Қапшағайдың жағалауын бойлай салынатын тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардың орналасу реті пысықталуда.

Қала әкімі Нұрлан Құматаевтың айтуынша, бірден емес, алдағы бірнеше жыл барысында халық саны артатыны анық. Әзірге 200 мыңға жетуге тиіс деп отыр су жаңа облыс орталығының басшысы. Тұрғындар санының артуына сай халыққа қызмет көрсететін әкімшілік, әлеуметтік-мәдени, білім беру, денсаулық сақтау нысандары салынады. Жаңа Іле деген жерде 1200 гектар жер телімі дайын тұр. Осында келешекте бірнеше шағын аудан бой көтереді. Олардың екеуі таяу арада тұрғызылады деген жоспар бар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 10 қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталғалы жатыр. Құрылыс алаңдары дайындалуда. Сонымен бірге алдағы жылдары қалада күрделі құрылыстың қарқын алатындығын ескере отырып, өндірістік аймақтан құрылыс материалдарын шығаратын бірнеше кәсіпорын салу көзделген. Жұмысшы мамандықтарын, оның ішінде құрылысшыларды оқытуға да мән берілмек.

«Біз өзіміздің сүйікті қаламыз облыс орталығы атанғанына шын жүректен қуаныштымыз. Қандай қиын кезеңді бастан өткергенде де қаладан кетпеп едік. Ертеңіне сенгенбіз. Ақыры сол үмітіміз ақталды. Дәуір дарабозы Дінмұхамед Қонаев атамыз негізін қалаған қаламыз ақыры облыс орталығы мәртебесін иеленді. Атауы да халық сұранысына орай Қонаев атанды. Ендігі міндет – Алматы облысының орталығы деген статусқа сай болу жолында жұртпен бірге жұмыла қызмет етіп, шаһарымыздың шырайлана түсуіне үлес қосу», – дейді Қонаев қаласының тұрғыны, білім саласының қызметкері Берік Байылов.

Қонаевтың тұрғындары облыс орталығында бүгінгі заман сұранысына сай мамандықтарды оқытатын оқу орындарын ашудың, білім және денсаулық саласына көңіл бөлудің қажеттігін айтады. Өйткені бүкіл елдегі сияқты орта буын мамандар тапшы. Олар сондай-ақ салынғанына жарты ғасырдан асқан қаланың инфрақұрылымын жаңартатын уақыт жеткенін де жасырмайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"