ҮШТӨБЕДЕ ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ СТАНСЫСЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 19.01.2023
Оқылды: 1003
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Үштөбе қаласында жаңа жанармай құю стансысы салтанатты түрде ашылды. Бұл нысан ескі мұнай базасында орналасып, ұзақ жылдар бойы жұмыс істемей тұрған. 

Қаратал ауданына келген кәсіпкерлердің жеке инвестициялары арқасында жанар-жағармай құю стансысы толықтай қайта құрудан өтіп, түркиялық отын-тарату колонкаларымен жабдықталды. Инвестиция көлемі 323 млн. теңгені құрады. 
Сонымен қатар, инвесторлар шикізатты сатып алуға 2 млрд. теңге жұмсайтынын жеткізді. Барлық жанармай құю және төлем жасау процестері ойластырылған. Жүргізушіге машинадан шығудың қажеті жоқ, оператор барлық міндетті өзі орындайды. 
Кәсіпорында 15 жаңа жұмыс орны құрылды. Болашақта инвесторлар мұнай базасының аумағында жаңа спорт кешенін, жабық бассейн мен 25 бөлмелі қонақүй салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, мотор майларын шығару, битум жасау үшін бу генераторын орнату да ойларында бар. Нәтижесінде 185 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы, өткен жылы Қаратал  ауданында инвестициялар ағынының өсу қарқыны байқалады. Былтыр сомасы 9 млрд. теңгеге инвестициялық жобалар іске асырылды. Бұл өз кезегінде 300-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Қаратал ауданы