ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН

Уақыты: 19.01.2023
Оқылды: 1335
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халқымызда: «Шебердің қолы ортақ» деген нақыл бар. Бүгінде ұлттық өнерімізді ұлықтап, оның бай табиғаты мен құнды құпиясын заман талабына сай бейімдеп, ел назарын аудара бастаған жас шеберлердің қатары күн санап көбейіп келеді. Сарқан қаласында тұратын Назигүл Батырхан есімді шебердің құрақтан тігілген неше түрлі мата бұйымдары осы күнде үлкен сұранысқа ие бола бастады.

Бастапқыда ұлттық қолөнеріміз саналатын «құрақтап тігу» әдісімен түрлі көрпе тігуден бастаған көпбалалы ана Назигүл Батырханқызының қолынан шыққан бұйымының түрлері көп. Тұтынушылардың қажеттілігі және олардың талғамына сай неше түрлі тұрмыстық бұйымдарды сан түрлі нақышпен әрлеп тігеді. Әсіресе, сатып алушыларының қалауына сай интерьерін ұлттық нақышта безендіруге арналған ыңғайлы және сәнді «үй тұмары» аксессуарын тігуде. «Үй тұмары» – Назигүлдің шығармашылығының өзіндік ерекшелігіне айналды, олардың әрқайсысы тек түсімен ғана емес, ою-өрнектердің ерекше тартымды және өзге қолөнер шеберлерінің туындысынан сапалылығымен ерекшеленеді.
Тарихи отанына оралғаннан кейін Назигүл Батырханқызы шеберлігін дамыту туралы шешім қабылдады. Жас ананың бүгінде 5 баласы бар. Алдымен тек өзінің отбасы мен туыстары үшін құрақ бұйымын тігуден бастаса, бірте-бірте өніміне көршілерінің қызығушылығы артып, жиі тапсырыс түскен. Осылайша сүйікті ісі табыс әкелетін шағын бизнеске айналды.
Оның айтуынша, бұл өнер ұрпақтар бойы жалғасып келе жатқан қанда бар қасиеттен дарыған. Апасы Зейнеп, апайы Әуесхан, шешесі Қуантай, басқа бауыр-туыстары да шетінен ұлттық өнерді ұлықтаған жандар. Ал әкесі Батырхан Мажайұлы қазақтың өрімшілік өнерін жоғары өреге жеткізген. Темірден түйін түйген шебер, ат-әбзелдерінің сан түрін жасайтын өнертапқыш. Өкінішке қарай, ол кісілердің жасампаздығын жұртқа жеткізу өмір сүрген дәуірінде мүмкін болмапты. Алайда сол саф өнер Назигүл арқылы қайта жаңғырып жатқандай сезілді.
 Шеберге алдыңғы буыннан көрген тәжірибесі мен интернеттегі бейнесабақтар  көрпе тігу әдістерін игеруге өз септігін тигізіпті. Күнделікті қолын машықтандырып, алған білімі мен жинаған дағдысын әдемі ұштастыра білген ол осы күнде сан түрлі жаңа идеяны өмірге әкелуде. Нәтижесінде бір жарым жылда 100-ге жуық сәнді көрпе, жастық дайындап шығарған.
Десе де, осындай жаңа идеялар мен қолы берекелі қолөнер шеберлерін қолдау ісі әлі де кенжелеп келеді. Назигүл алдағы уақытта мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз көмекке бақ сынап көрмекші. «Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, өнерімді одан ары жетілдіріп, ұлттық өнердің бәсекелестігін жоғарылатуға күш  салар  едім», – дейді ол.
Біз алдағы уақытта өз тарапымыздан қолдау танытуға уәде бердік.

Қажет АНДАС,
Сарқан ауданы