САРБАЗДАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫНА АРНАЛҒАН АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

Уақыты: 10.02.2023
Оқылды: 1188
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарбаздардың ата-аналары Жетісу гарнизонындағы 18404 әскери бөлімін аралады.  

Cенбі күнге орайластырылған шараға сарбаздардың ата-аналары және жақын туыстары келді. Алдымен әскери бөлім командирі подполковник Алмас Төлегенов келген қонақтарға сарбаздардың тыныс-тіршіліктерімен әскери өмірлерінің қалай өтіп жатқандықтарын баяндап берді. Сонымен қатар әскери борыштарын аяқтағаннан кейін мерзімді қызметтегі сарбаздарға оқу орындарына түсу шарттары, мамандықтары, әскер мектебінен өткендердің мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы айтылды.

Осыдан кейін сарбаздардың туыстары үлкен алаңда арнайы қойылған қару-жарақ түрлерімен, әуе-десанттық кешеніндегі оқу-жаттығуларымен сонымен қатар атыс аймағында десантшылардың жоғары деңгейде ұйымдастырылған ұрыс тәсілдерінен көрсеткен қойылымдарын тамашалап үлкен ризашылықтарын білдірді.

Ары қарай қонақтар сарбаз асханасында одан кейін казармаларда болып сарбаздардың тұрмыс тіршіліктерін көріп танысып шықты.

– Менің ұлым Алматы қаласынан өткен жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөліміне түсті. Осыған дейін ұлымның салтанатты түрде әскери ант қабылдауында болдым, бүгін осы бөлімге екінші рет келуім. Ұлым әр аптада ұялы телефонмен маған хабарласып тұрады. Бүгін әскери бөлім командирі бәрімізді жинап сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігін және Отан алдындағы борыштарын аяқтағаннан кейін жоғары оқу орындарына конкурссыз түсу ережесін айтып берді. Бүгінгі ашық есік күні менің көңілімнен шықты, басқа да ата-аналарға ұнады деп ойлаймын. Ұлдарымыз ер жетіп нағыз азаматқа сай өсіп келеді. Оны мен ұлымнан байқадым, – дейді сарбаздың анасы Эльмира Әбділманова.  

Айта кетсек, биыл еліміздің Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындарының белгіленген мерзімде қызмет еткен әскери қызметшілерге тегін жоғары білім алу мүмкіндігін беру жөніндегі келісімдері күшіне енді. Онда ынтымақтастық бағыттарымен қоса, жоғары оқу орындарына конкурссыз түсу үшін жыл сайын бөлінетін орындар саны да белгіленген.

Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі