ОҚУШЫЛАР ӘСКЕРИ БӨЛІМГЕ БАРДЫ

Уақыты: 10.02.2023
Оқылды: 1599
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу гарнизонындағы 18404 әскери бөлімінде оқушыларға арналған ашық есік күні өткізілді. 

Аталған шараға Талдықорған қаласындағы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің «Жас десантшылар» клубы және №28  IT мектеп-лицейінің оқушылары арнайы шақырылды. Оқушылар назарына әскери ұрыс техникалары, қару-жарақтың түр-түрі және әскери қорғаныс киімдері таныстырылды. Үлкен саптық алаңда қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көрініс көрсетілді. Осыдан кейін оқушылар әуе-десанттық кешеніндегі оқу-жаттығуларды, атыс аймағында десантшылардың жоғары деңгейде ұйымдастырылған ұрыс тәсілдерінен көрсеткен қойылымдарын тамашалады.

Ары қарай оқушылар сарбаз асханасында болып, онда сарбаздар тағамынан дәм татты. Артынан казармаларды аралап, сарбаздардың тұрмыс тіршіліктерімен танысып шықты.

– Мұндай таныстыру шараларын өткізу өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рухты қалыптастыруға, адмгершілікке тәрбиелеуге зор ықпалын тигізеді, – дейді №28 IT мектеп-лицейінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы - ұйымдастырушысы, запастағы майор Айбек Базаралин.

Шара соңында ұстаздар мен оқушылар әскери қызметшілерге қонақжайлықтары мен жылы қабылдаулары үшін алғыстарын айтып, тілектерін білдірді.

Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі