ҚЫЗҒАЛДАҚТАР БАҒБАНЫ

Уақыты: 08.03.2023
Оқылды: 937
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қай заманда да ұлы өнердің өрісін кеңейтіп, қастерлі құндылықтарды келер ұрпаққа аманаттап отыру бабаларымыздың асыл парызы болғанын бүгінгі күні тарихтың өзі дәлелдеп отыр.  Бір ғана саз өнері туралы айтар болсақ, осынау қалыптасқан сүрдектен жаңылмай кешегілердің асқақ әнін бүгінге жеткізген дәстүрлі әншілердің еңбегін ерекшелеуге жөн мен жосық бар.

«Дәстүрлі әнші» демекші, қазақ халқына, одан қала берді жетісулық жұртышылыққа танымал  Төлеутай    Серіков атты өнердің өз перзенті бар. Күміс көмей әнші. Семей топырағында дүние есігін ашқан ол қазіргі таңда өзендер өрнектеген өлкенің дауылпазы. Осынау кейіпкеріміз жеке өмірінде де, қоғамда да азамат ретінде алғы шептен маңдайын жарқыратып келеді. Өнердің киесін, сөздің жүйесін тапқан, салиқалы мінезімен көпшіліктің ықыласына бөленген ол отбасында асыл жар, ардақты әке ретінде мерейлі. 
Сандуғаш Рысбекқызымен отау құрғанына аттай 19 жыл толған, тағдырына шүкіршілік жаудырған Төлеутайдың шаңырағында 5 қыз қызғалдақтай құлпырып өсіп келеді. Тұңғышы Динара сан ғалымды баптаған, сан шәкірті елдің руханияты жолында маңдай терін шүмектетіп жүрген еліміздің бірегей білім ордасы – І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «шет тілі, екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алуда. Жамалы жазғы таңдай жарқыраған Динараның соңынан ерген Аймен, Еркеназ, Ұлбосын атты сіңлілері мектеп қабырғасындағы оқушылар. Ал осындай төрт қызғалдақтың әсем қылығымен жылытқан ерке сіңлісі, Төлеутайдай асыл әкенің кенжекейі – Дәмелі 5 жастағы балауса. 
–  Қызғалдақтарым  –  өміріміздің мәні, көзіміздің қуанышы. Зайыбым Сандуғаш екеуміздің көзайым бақытымыз. Әрқайсысын әке жүрегіммен қоғамына, еліне, ұлы ұлтына пайдасы тиетін білімді, өнерлі жан болса екен деймін. Тұғырлы елдің тұлғасы, ибалық пен ізгіліктің тұнбасы болуға тәрбиелеп келемін, – дейді тәубесін Тәңіріне сәт сайын жолдап отыратын қамқор да мейірімді әке. Біз де өнердің ұлы жолында өзінің жемісті еңбегімен елін сүйсінтіп, отбасында асқар таудай әке һәм қызғалдақтардың бағбаны болып отырған жанға мереке қарсаңында 5 қыздың артынан 5 батыр ерсін деп тілектестік білдірдік...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ