ҚАРА ЖОЛДЫҢ ХАНШАСЫ

Уақыты: 07.03.2023
Оқылды: 867
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі күні қоғамдық көлік жүргізген әйел адамды көрсек таңғалмаймыз. Мәселен, Талдықорғандағы «400-400» такси қызметінде 10-нан астам әйел жұмыс істейді. Темір тұлпарды тізгіндеп, жолаушыларды тасып жүргендердің бірі – Мөлдір БАТЫРХАНОВА.

Көлік жүргізіп, нәпақасын тауып жүрген Мөлдір 1995 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Үш қыздың анасы. Отағасы Ерланның бір жағына шығысып көмектесу үшін «400-400» такси қызметіне жұмысқа орналасқан.  Көлік жүргізіп жүргеніне 10 жылдан асқан. «Темір тұлпар жүргізу сүйікті ісім», – дейді кейіпкеріміз.
 – Үш қызымызды өсіріп, жеткізу үшін осы қызметке тұрдым. Әрине, отағасының қолдауымен. Жол болған соң қауіп-қатерлер болады. Мәселен, былтыр 8 наурызда жұмыс істедім. Көлігім мұзда тұрып қалды. Сол кезде жұмыстағы операторларға хабарласып, көмек сұрадым. Олар: «Тым болмаса 8 наурызда демалсаңшы»,– деп қалжыңдасты. Маған көлік жүргізген қатты ұнағандықтан, жұмыстан қалғым келмейтінімді айттым. Осындай қиын-қыстау кезеңдерде көмегін аямайтын ер жігіттерге үлкен алғысымды білдіргім келеді, – дейді Мөлдір.
Иә, әр саланың өзіндік қиындығы бар. Кейіпкеріміз алғаш таксист болып қызметке кіргенде «қыз бала қалай көлік жүргізеді?» деп сенімсіздікпен қарағандар да болыпты. Десе де, уақыт өте келе өз ісінің маманына, жұмысты жауапкершілікпен істегенін көріп, үйренісіп кетіпті. Қазір тіпті жолаушылар бір затты апарып тастау үшін «қыз таксист болса» деп өтініш білдіреді екен.  
Балаларын мектепке апарып тастаған соң кейіпкеріміз такси қызметіне кіріседі. Қазір өзінің тұрақты клиенттері де бар. 
Таксиде жүргенде әртүрлі жолаушы жолығады. Бірі сырласып, жайдарман жаңалығымен бөліскісі келеді. Екіншісі музыка тыңдап отырғанды қалайды. Енді бірі басына салған қиындығын айтып, әңгімелескісі келеді. Менің міндетім – жолаушыларды аман-сау діттеген жеріне жеткізу, – дейді ол.
Отбасын асырау үшін отағасына көмектесіп, темір тұлпарды тізгіндеп жүрген Мөлдірдің тынымсыз еңбегі көпке үлгі. Олай болса, еңбекқор қыздың жұмысына сәттілік тілейміз.

Айдар ҚАЛИЕВ