АҚЖАРЛЫҚТАРДЫҢ АЙТҚАНЫ ОРЫНДАЛАДЫ: ӘКІМДІК РЕСМИ ЖАУАП БЕРДІ

Уақыты: 07.03.2023
Оқылды: 1356
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

"Жетісу" газетінің 4 ақпандағы №14 санында «Ажары қашқан Ақжар» мақаласы жарық көрген соң тұрғындардың өтініш-тілегін Қаратал аудандық әкімдігіне жолдаған едік. Әкімдік аталған мәселеге байланысты ресми жауап берді. Назарларыңызға ұсынамыз.

Естеріңізге сала кетсек, аталмыш мақалада ауыл тұрғындары көтерген мәселелерді бүкпесіз жазған болатынбыз. Ондағы мақсатымыз, «тырнақ астынан кір іздеу» емес, қайта ауылдағы ағайынның ұсыныс-тілегін жоғары жаққа жеткізіп, орын алған келеңсіздіктердің түйінін тарқату еді. Ең өзекті мәселе ретінде ауылдағы мектептің жағдайын жазған едік.
Редакцияға келген хатта:
– Ақжар ауылының іргетасы 1971 жылы қаланыпты. Ауыл аудан орталығы Үштөбе қаласынан 120 шақырым жерде орналасқан. Тұрғындар мал шаруашылығын кіріс көзі етеді. Ал ауылға қарасты 4550 гектар жердің бәрі жайылымдық жер. Бүгінгі таңда ауылдағы 8 шаруа қожалығымен қоса алғанда, тұрғындардың қолында 1060 ірі қара, 2500 ұсақ мал, 225 бас жылқы бар. 
 Ауылда тұрғындарға қажетті барлық құрылымдар жұмыс істейді. Тұрғындарға бір медпункт қызмет көрсетсе, «Қазгидромет» РМК-ның бөлімшесі орналасқан. Сонымен қатар, Ақжар ауылы «Билайн», «Алтел» ұялы байланысымен қамтылған. Былтыр Бақай батыр мен Тілеуғұл батыр көшелеріне электр жарығы тартылған. Ауызсу мәселесі толығымен шешілген.
Мектеп мәселесіне келетін болсақ, ауылдағы Балқаш бастауыш мектебінің ғимараты 45 жыл бұрын, 1978 жылы салынған. 150 орынға есептелген білім ордасында бүгінде 5 бала оқиды. Ауылдың және шаруа қожалықтарының 7-18 жасқа дейінгі балалары Талдықорған, Үштөбе қалаларындағы мектеп-интернатта оқиды. Сол себепті де ауыл мектебінде бала саны аз. Алдағы уақытта Балқаш бастауыш мектебі жанынан интернат ашу жоспарда бар. Осыған қатысты аудандық білім бөлімі тарапынан талдау жасалып жатыр, – делінген хатта. 

 

Ал ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтудағы қиындықтарды да сөз еткенбіз. Ол жайлы: «Өткен жылы Байшегір ауылдық округі бойынша 75 адам аудандық Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның 7-і Ақжар ауылының тұрғыны. Сондай-ақ, Ақжар ауылының 3 тұрғыны қоғамдық жұмысқа тартылған. «Электронды еңбек биржасы» ақпараттық порталында «бастау бизнес» жобасы шеңберінде 4 адам кәсіпкерлік негізінде оқыған. Өткен жылы жаңа бизнес идеясын жүзеге асыру мақсатында Ақжар ауылының бір тұрғыны 1 225 200 теңге мемлекеттік грант алған», – делінген хатта. 
 

Тұрғындар тарапынан ауыл шаруашылығы жер мәселесі бойынша да ұсыныс түскен болатын. Онда  инвесторлардың әлегі туралы айтылған. Ал хатта: «2020 жылы «Темірқазық С.К» ЖШС инвестициялық жоба үшін жалпы алаңы 310 гектар жер телімін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 10 жылға жалға алған болатын.

Алайда, былтырғы 10 қарашада Жетісу облысы аймақтық үйлестіру кеңесінің №3 хаттамасы негізінде «Темірқазық С.К» ЖШС жобасы инвестициялық жоба мәртебесінен айырылды. Қазіргі таңда аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдері жерді мемлекет меншігіне қайтару үшін Жетісу облыстық экономикалық сотына арыз түсірді. Сот шешімі шыққан соң жалпы алаңы 310 гектар жер тұрғындарға конкурс негізінде беріледі», – депті. 
 

Сондай-ақ, хатта Ақжар ауылын дамытудың болашақ жоспары жасалып жатқаны айтылып, сол қатарға суаруға арналған су тарту насосын жаңарту және орнату жұмысы енгізілетіні,  биыл ауыл көшелері толық жарықтандырылатыны айтылыпты. 
Әрине, қордаланған мәселе бір күнде шешіле салмайды. Бірақ, хатта уәде етілгендей мектеп балаға толып, жер тұрғындарға қайтарылып, жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне сәтті қадам жасалса, біздің де арманымыздың орындалғаны.     

Қажет АНДАС
Қаратал ауданы