ДАЛА ДӘСТҮРІ МЕН ЕЛ ӨРКЕНИЕТІНІҢ АЙҒАҒЫ

Уақыты: 07.03.2023
Оқылды: 1022
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тіршіліктің тұтқасы, мейірім мен ізгіліктің тұмасы болған әйелдер қауымы ыстық ықылас пен қстерлі құрметке лайық. Ардақтау, аялау үшін жаратылған аналар мен арулардың  төл мерекесіне орай Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында салтанатты кеш шымылдығын түрді. Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ қатысуымен өрнек тапқан аталмыш шарада кино өнерінің жарық жұлдызы, ел мақтанышы, жұрт жадында «Тақиялы періште» атауымен жаңғырған Әлімғазы Райымбековтай абыздың асыл жары Гүлжауар  Айтжанқызы секілді ел анарлары, сан салада жемісті еңбек етіп келе жатқан қарапайым қызметкерлерден тартып, құрсағы құтты, ғазиз жүректі нәзік жандар мен облыстың беткеұстарлары мейман қатарынан көрінді.

Әсем ән әуелеп, шалқыған күй шанақтан ұшқан мерекелік шара барысында бейнеролик көрсетілді. Онда ғұмыры ғибратпен өрілген, кәсіптен нәсіп терген аналар туралы арнайы дайындалған бейнешолу көрермен ықыласын оятса, алғашқы болып облыс әкімі Бейбіт Исабаев сөз алды. Ол әуелі қазақта Жер-Ана, Отан-Ана дейтін қасиетті ұғымдар барын, бұл елге, туған жерге, мемлекетке қатысты құндылықтардың барлығы анадан бастау алатынын айғақтайтынын атап өтті. Сонымен қатар, әйелдер қауымына қатысты тебіреніске толы толғамын айшықтай келе, көпшілікті мерекемен құттықтады.

– «Анадан – қасиет, атадан – өсиет», – дейді халық даналығы. Ел ішінде ақылымен, батырлығымен, даналығымен даңқы шыққан тарихи шежірелерге, жыр-дастандарға арқау болған Ұмай ана, Тұмар ханшайым, Домалақ ана, Айша бибі, Дарабоз ана, Ұлпандай ардақты аналарымыз аз болмаған. Сол аналарымыз ел басына күн туғанда ерлермен бірдей атқа қонып, жерін жаудан қорғаған, ел билеу ісіне араласып, шындықты қиып айтар әділ қазы, жұрттың дауын басар өткірз мінезді шешен бола білген. Бұл – қазақ жерінде әлімсақтан орныққан дала дәстүрі мен еркін ел өркениетінің айғағы.

Жетісу өлкесінде кешегі Зылиха Тамшыбаева, Бәтима Сақауова, Алтынай Есболатова сияқты тарихи тұлғалардың көші жаңа заманда да үзілген жоқ.  Бүгін арамызда 10 бала, 22 немере, 23 шөбере тәрбиелеп отырған белгілі актер, «Тақиялы періште» фильміндегі Тайлақ рөлімен көптің сүйіспеншілігіне бөленген, күні кеше ғана өмірден озған жерлесіміз Әлімғазы Райымбеков ағамыздың асыл жары Айтжанқызы Гүлжауар анамыз отыр.

Әлімғазы ағамызға Бикен Римова, Әмина Өмірзақова аналарымыз бүкіл Алматыны аралап, елдің сан қиырынан келген сұлулардың арасынан қалыңдық іздеп жүріп, бәрібір таңдауы Гүлжауар апамызға түскен екен. Екеуі жарты ғасырға жуық өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге көріп, үлгілі отбасы болды. Қазір Райымбековтер үлкен әулетке айналып отыр, – деген облыс әкімі ел анасына құрмет көрсетті. Иғынана оқалы камзол, басына ақ жауылық тартты. Сонымен қатар, осынау қуанышты аймақ басшысы: «Бикен, Әмина апалар Тайлақ-Әлімғазы ағаның қалыңдығына жапқысы келген ақжаулық деп қабыл алыңыздар!», – деп әсерлі айшықтады.

Тамыры терең тарихтың көшінде аналардың алатын орны ерек. Ел басына күн туған сәттен ерінің серігі, ошағының көрігі болған әйелдердің асқан батылдығы мен қайраты шежіреміздің баянды болуына тегершік. Бүгінгі таңда кемел елдің көшін бастаған, сан салада толайым табысымен Толағай атанғандардың анасы да салтанатты шарада атаусыз қалмады. Жан жадыратқан, жүрек тебіренткен сөздерімен мерекенің шырайын ашқан облыс әкімі қарапайым еңбек адамдарын да алқап, ардақтады. Мерейін өсірді.

Салтанатты шарада аймақ басшысы алдымен «Алтын алқа» иелерін марапаттады. Өз кезегінде «Күміс алқа» иелері де мерейленді. Айта кетуіміз керек бүгінде қазақтың санын көбейтіп жатқан құтты құрсақтардың дені жас аналалар екені көңіл қуантып, көз сүйсіндірді. Ал жиында тағы бір жан толқытқан дүние – облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алған нәзікжандылардың дені мекемелердің тазалығына жауапты, мемлекеттен несие алып шағын кәсібін ашып жатқан, көп балалы аналар секілді қарапайым жандардың болуы. Міне, осындай қатардағы жандардың мерейленуімен айшықталған мерекелік кеш көңіл тебірентті. Ел көсегесін көгерту жолында түн қалғымай, күн тыным таппай еңбек етіп жүрген, әр салада ақ адал еңбегімен отбасына тірек болған аяулы жандарға арналған аталмыш шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Ән асқақтап, күй күмбірледі.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Д. Ерофеев