СЕРІК ЕРҒАЛИ: ҚАЗАҚ КҮН МЕН ТҮННІҢ ТЕҢЕЛУІН НАУРЫЗ ДЕП АТАҒАН ЖОҚ

Уақыты: 15.03.2023
Оқылды: 1014
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бұл туралы мәдениеттанушы, ғалым Серік Ерғали ҚР Ұлттық музейінде Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелде айтқан.

Қазақта күн мен түннің теңелуін наурыз деп атаған жоқ. 13-інде 90 күн қыс шықты деп есептейді. 14-наурыз – көктемнің бірінші күні, - деді ол.  

Яғни қазіргі Григориан күнтізбесіндегі 14 наурыз – Юлиан күнтізбесі бойынша 1 наурыз. Серік Ерғали Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы Ахат Шәкәрімұлының күнделігінде де бұл дерек келтірілгенін алға тартты. 

 

Әкей айтты бүгін – ескіше 1 март. Қазақша жаңа жыл. Ұлы істің ұлы күні, - делінген жазбада. 

Ғалым өз сөзінде жаңа жылды көрісу ғұрпы арқылы тойлау Қазақстанның батысында сақталғанына шүкір етті. Оның сөзінше, 14 наурыз батыста сақталмағанда наурыз мерекесінің аяғын ғана мерекелеп жүретін едік. 

 

14 наурыз – жыл басы. Амал мерекесі дейміз. Қашан қазақта амал деген мереке болды? Ешбір этнографияда, энциклопедияда амал деген мереке жоқ. Амал деген айдың аты. Наурызға дейін, 90-жылға дейін қазақ амал айы дейтін. «Амал келді жыл келді» деген сөз амал айымен бірге жаңа жыл келді деген сөз. Ал біз ресми түрде айдың атауына наурыз айын бекітіп жібердік те, есімізден таңып қалдық, - деді Серік Ерғали. 

Ғалым бір жағынан амал деген ұғымды ұстап қалу үшін қазақ 14 наурызды амал мерекесі деп кеткенін айтады. Сондықтан ресми түрде қазір көрісу, амал деп аталып жүрген күнге мүшелдік жыл басы деп мәртебе беру керегін ұсынды.    

14-індегі мейрамды ресми түрде 21-22-сіне ығыстырып тастады. Наурыздың басы қалып қойды, қазір аяғын мерекелеп жүрміз. Осыны қалыпқа келтіруіміз керек. Менің қақсағаныма 15 жылдай болып қалды. 22-сінен басталатын демалысты 14-іне ауыстыру керек. Мүшелдік жыл басы деп мәртебе беру керек. Сонда бәрі қалпына келеді, - деді ол. 

  • БІЗ ЖОҒАРЫДАҒЫ МАТЕРИАЛДЫҢ BAQ.KZ-ТЕН АЛЫНҒАНЫН ЕСКЕ САЛА ОТЫРЫП, НАУРЫЗҒА БАЙЛАНСТЫ ОСЫ БІР ДАУЛЫ ПІКІРГЕ 7-SU.KZ ЖЕЛІЛІК БАСЫЛЫМЫНДА ӨЗ УӘЖІН АЙТАМЫН ДЕГЕН ОҚЫРМАН БОЛСА ОНЫ ДА ЖАРИЯЛАУҒА ДАЙЫН ЕКЕНІМІЗДІ АЙТҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ. ЕРКІН ПІКІР АЛАҢЫ СІЗГЕ ДАЙЫН, ОЙЛЫ ОҚЫРМАН.  

Фото: ашық дереккөзден