ҚАЛА ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНА! ТӨЛТАҢБА ҚАШАН АУЫСАДЫ?

Уақыты: 16.03.2023
Оқылды: 775
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

2022 жылдың 8 маусымынан бері Жетісу өз алдына облыс болып құрылды. Ал қазан айында төлтаңбамызды бекіттік. Содан бері сегіз ай өтсе де Талдықорғанның шыға берісіндегі аркада әлі күнге дейін батпандай болып Алматы облысы деген төлтаңба тұр. Бұл мәселе бұдан бұрын да айтылған, ескертілген. Бірақ, жергілікті атқамінерлер көзге аса көрінбейтін дүние болған соң ба төлтаңбаны ауыстыруға асығатын емес.

Алғашында өңірлік герб қана ғой, бір-екі айда ауыса жатар деп мән бермей жүрдік. Десе де, осы кішкентай ғана дүние сырт көзге оғаш көрінеді. Сондықтан болар, ары-бері өткен жүргізушілер де, сырттан келген қонақтар да «Жетісу облыс болғалы қашан? Өз төлтаңбаларын әлі жасамаған ба, әлде ауыстыруға ұмытып кеткен бе?» – деп жиі айтып жатады. 

Арнайы байқау жариялап, 55 эскиздің ішінен таңдап бекіткен, заманауи, ерекше төлтаңбамыз әлдеқашан қабылданды емес пе?! Оның негізгі нышандарының бірі – шаңырақ, Жетісу жерінің биік таулары, Талдықорған қаласының символы «Жетісу монументі», Ұлы Жібек жолының нышаны керуен көші, жеті өзен, Алакөл, Балқаш көлдерінің айдыны бейнеленген. Олай болса  арнайы сараптамадан өткен, облыстық мәслихатта келісілген өңірлік гербіміз Алматы облысынан Жетісу облысына қашан ауысады?

Тырнақ астынан кір іздегеніміз емес. Бүгін байқамай, көзге көрінбей қалып кете беретін дүние ертең үлкен қателікке айналуы мүмкін. Сондықтан қалалық әкімдік бұл олқылықты тез арада қолға алып, аркаға Жетісу облысының төлтаңбасын қояды деген сенімдеміз. 

Айдар ҚАЛИЕВ
Суретті түсірген Руслан Қадіров