САУДАМЕН БІРГЕ АЙЛА ДА ЖҮРЕДІ

Уақыты: 16.03.2023
Оқылды: 893
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменттері барлық өңірлерде өз құзыреті шеңберінде жұмыстарын жүргізуде. Сауда жүретін жерде айла да жүретіні белгілі.  Тұрғындар тауар сатып алғанда алданып қалса не істеу керек? Көп жағдайда мұның жауабын таба алмай,  көңілден шықпайтын затты өзімізде қалдыра саламыз. Бірақ, мұның жауабы бар.  Бұл жөнінде Жетісу облысының сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы  Еділ Зайтбековке жолығып, көпшіліктің көкейіндегі сауалды қойған едік.

– Еділ Тасболатұлы, тұтынушылар құқықтарын қорғау мекемесі қашан  құрылды? Міндеттері қандай?
– Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі отандық өнімді шетел нарығына шығару, ішкі нарықты сапасыз импорттық тауарлардан қорғау мақсатында құрылған. Шараны іске асыру үшін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ашылды. Комитеттің негізгі міндеті – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тұтас және тиімді саясатты қалыптастыру. Соңғы жылдары заңға өзгерістер енгізіліп, тұтынушылардың талаптарын реттеу тәртібі енді. Сондай-ақ,  тұрғындардың көкейкесті мәселелерін біліп, көмек көрсету үшін қоғамдық қабылдау жүргізу тапсырылды. Бұл халықтың құқықтарын қорғауға негізделген. Өткен жылдың күзінде облыстың екіге бөлінуіне байланысты Жетісу облысының тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің ережесі бекітілді.
– Облыста тұтынушылар құқын қорғау шарасы қалай іске асырылуда? Тұрғындармен қарым-қатынас орнатылған ба?
– Департамент 2022 жылдың екінші жартысында құрылса да өңірімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмыстары барынша жан-жақты жүргізілуде. Құрылған уақыттан бері 100-ден аса өтініш қабылданып, тұтынушыларға 5 414 000 теңге кайтарылды. Өтініштердің көбі сатушылардың сапасыз тауарды қайтарып алмауына байланысты туындаған. Кейбіреулері сынып, қисайған затты айырбастап беруден бас тартқан. Сонымен қатар, өз құқын қорғағысы келетін тұтынушылардың қатары өскен.  Бұл халықтың құқықтық сауаттылық деңгейі артқандығын көрсетеді. Ағымдағы жылдың  1 наурызына дейін халықтан 119 өтініш түсіп, оның 73-не түсіндірме жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, 46 шағымданушының мәселесі оң шешіліп, тұтынушыларға жалпы 2 896 000 теңге көлемінде қаржы қайтарылды.
– Қазіргі таңда «ҚР Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңына өзгерістер еніп, заң өзгерістерінің бірі – Омбудсмен институты. Оның халыққа қандай пайдасы тиеді?
– Омбудсмен институты  басқарудың заманауи моделі. Көптеген елдің тәжірибесі тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу қажеттігін айғақтап отыр. Оның негізгі міндеті – тұтынушыларға құқықтық көмек көрсету болмақ. Омбудсмен институтын енгізу нормасы алдағы уақытта «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасында жазылады.
– Еділ Тасболатұлы, өңірдегі мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктермен бірлесе жұмыс істеу жүйесі енгізілген бе?  Ресми дерек бойынша Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау саласында 65 қоғамдық ұйым құрылған. Жетісу облысында мұндай қоғамдық ұйымдар бар ма? Олармен қарым-қатынас қандай?
– Өте орынды сауал. Бұл тұрғыда мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істеудеміз. Арнайы комиссия құрылған. Мемлекеттік бақылау саласы және кәсіпкерлік құрылымдарын әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, облыс әкімінің өкімімен облыста азық-түлік тауарларына баға белгілеу шаралары қолға алынды. Мысалы,  делдалдық тізбектер тексерілуде.  Комиссия құрамына облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті және басқа да мемлекеттік орган өкілдері, тұтынушылар құқықтарын қорғау бойынша қоғамдық бірлестік өкілдері енді. Өткен жылы аталған комиссияның 7 отырысы өтіп, Талдықорған қаласындағы 7 сауда нүктесіне тауар үстемесінің 15%-дан асуына байланысты әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілді.  Апта сайын жүргізіліп отырған мониторинг барысында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті әкімшілік шара қолданылады.  Қоғамдық ұйымдар ішінен «Жетісу облысының тұтынушылар құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амир Газалиевпен бірлескен жоспар құрылып,  іске кірісті.
– Тұтынушылар құқығы бұзылған жағдайда қайда хабарласу керек?
– Тұтынушыларға кеңес беру үшін  +7 (7172) 74– 98-32, 74-98-36, 75-06-49 сенім телефондары жұмыс істейді.  Ол дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00-18.30 аралығында телефон қоңырауын қабылдайды. Тұрғындар шағымын Талдықорған қаласы, Абай көшесі, 295 мекенжайда орналасқан  департаментке жазбаша, қолма-қол немесе пошта арқылы бере алады. Сондай-ақ, «Электрондық үкімет» порталы бірыңғай ақпараттық жүйесіне, «е-тұтынушы» азаматтарды жеке қабылдау күндері  немесе жеделхат ботына жазу арқылы өтінішін білдіруге мүмкіндігі бар. Біз халық көп шоғырланған орындарда өз бейнероликтерімізді көрсетудеміз. Оның ішінде «Sulpak», «Tehnodom», «City plus» сауда кешендері, сонымен қатар, Фейсбук, Инстаграм желілерінде парақшамыз жұмыс істеп тұр. Сол жерде де тиісті ақпараттар жариялануда.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді тексеру бойынша мораторийді тағы бір жылға созды. Осы орайда тұтынушы тарапынан кәсіпкерлік құрылымдарына арыз-шағым түссе департамент тиісті тексеру шараларын жүргізе ала ма?
– Кәсіпкерлік құрылымы бойынша бізге арыз-шағым түссе құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарына ресми хат жолдап, рұқсатнама алып, одан әрі қарай заңда көрсетілген тәртіп бойынша тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Қорыта айтқанда, тұтынушылар да сауда жасағанда мұқият болу керек.  Ал саудагерлер мен кәсіпкерлер  заң бұзушылыққа бармауы тиіс. Сонда ешкім сергелдеңге түспей, қалыпты өмір сүрері анық.

Гүлжан ТҰРСЫН