БӘРЕКЕЛДІ! ТОҚАЕВ АЗАПТАУ МЕН ҚОРЛАУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Уақыты: 17.03.2023
Оқылды: 904
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу және сотталған адамдардың құқығын кеңейту туралы заңға қол қойды.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Ақорда баспасөз қызметі дерегіне сүйеніп хабарлайды. 

"Бұл заң - елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында Қазақстанда азаптау мен қорлаудың басқа да түрлерін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ, сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған жүйелі қадамдардың жалғасы", - делінген хабарламада.

Аталған құжатта іс аясында азаптау жағдайы бойынша бірқатар маңызды дүниелер көрсетілген. Мәселен, төмендегідей нормалар қарастырылған:

  •  қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады;
  • азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады;
  •  заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде аудио және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Сонымен қатар, заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді:

  • -Ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінгі қалдыру құқығы беріледі, яғни сотталған адамға медициналық мекемеде шұғыл ем алуға мүмкіндік туады;
  •  Сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады (бұрын сотталғандар соттың шешімі заңдық күшіне енгеннен кейін ғана босатылатын);
  • Сотталған әйелдер мен олардың балалары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау үшін оларға өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды;
  •  Бұрын сотталған адамдардың бірінші рет істі болған азаматтарға теріс ықпал етуіне жол бермеу үшін сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге бөлу тәсілдері өзгереді. Енді бірінші рет сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын бұрын сотталғандардан бөлек жерде өтейді. Бұл заңға бағынатындай мінез-құлық қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Фото: ғаламтордан

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ